Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жан робототехника орталығын ашты

Жігері мұқалмаған Дамир Нұркежанов бірінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, балаларды робототехника әлеміне баулып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның шәкірттері осыған дейін 11 байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.

Бұл 10 жастағы Дарын Сейітжапардың құрастырған роботы. Ол қашықтықты есептеп, жолды кесек тастардан тазартуға арналған. Төрт айдың ішінде жеткіншек 100 бөлшектен тұратын осындай құрылғыларды жинақтап, бағдарламалауды үйренді.

Дарын Сейітжапаров, оқушы:

- Маған бұл шетке келген ұнайды, өйткені мен бұл шетте мен көп роботтар жасадым, бағдарламаны білдім. Жаңа жылға орай қыста жарыс ұйымдастырылды мен сонда бірінші орын алдым.

Балалар мен студенттерді оқытатын орталықты ашу үшін Дамир Нұркежанов арнайы жоба дайындапты. Соның нәтижесінде қаржылай грант ұсынатын әлеуметтік конкурстарға қатысып жеңімпаз атанған. Берілген қаражатқа қажет құрылғыларын сатып алды.

Дамир Нұркежанов, робототехника орталығының жектекшісі:

- Жалпы мұның бәрі бірден келген жоқ. Ілияс Жансүгіров университетінің бірінші курсынан бастап, осындай конкурстарға қатыса бастадым. Одан тәжірбием аз екенін білген соң университеттің стартап академиясынан білім алдым. Одан кейін стартап конкурстарға қатысып, барлығын қоса келе, қазіргі таңда робототехника мектебімізді сәтті жүргізіп отырған жағдайымыз бар. Біздің мақсатымыз, миссиямыз осы болашақта сұранысқа ие болатын елімізге қызмет ететін мықты IT мамандарын дайындау болып табылады.

Төрт адамды жұмыспен қамтып отырған белсенді жас қазір тағы бір орталық ашудың қамына кіріскен. Онда балаларды оқытып әрі зағип жандарға арналған смарт білезік құрастыруды жоспарлап отыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов