Алматы облысында балықтар неден қырылды?

Осыдан біршама уақыт бұрын Алматы облысындағы Топар көлдері жүйесінде балық қырылған еді.

Мамандар бұл жағдайдың неден болғанын әлі күнге дейін тап басып айта алмай отыр.

Қаскелеңдегі Топар ауылының тұрғындары өзен-көлдердің суы жылдан жылға азайып, жағадағы қамыстан қашықтап барады. Сол себепті қыстың күні балықтарға оттегі жетпей қалды деп отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Ерте көктемде Топар ауылының маңындағы үлкенді-кішілі көлдерде балықтар жаппай қырылған болатын. Біз қазір Бескөлге келіп тұрмыз. Міне, мұнда да өлген жыланбастарды жағаға шығарып тастаған. Ал анау қамыстардың арасында мөңке балықтары қырылып жатыр. 

Бұл жерді Қаскелең Топар ауылының тұрғындары ауызекі тілде «екінші тапшан» деп атап кеткен. Сырттан келген демалушылар осында аялдап, көлден балық аулайтын. Міне, мұнда да өлген балықтардың өлексесі жағада шашылып жатыр. Құс ату мақсатымен келетін аңшылар болмаса, бүгінде бұл көлге ешкім қармақ салмайды. Өйткені қыстың күні балығы қырылып қалған.

Қинаш Рысбеков, Топар ауылының тұрғыны:

– Кезінде балық болды, байлық болды. Анау көпірде отырып, 10-15 минутта 20-10 шақты балықты ұстап алатынбыз. Қазір түк жоқ. Жергілікті халықтың кінәсі бар. Бар байлықтың бәрін өзіміз құртамыз, сосын түк жоқ, тамақ жоқ деп отырамыз.

Қаскелең Топар заманында балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, ал қойнауы жабайы аң мен құсқа толған қасиетті де, киелі өңір еді. Бұл күнде балық пен аң-құс түгілі, кәдімгі құрбақалардың өзі сиреп қалған. Қаскелең Топардың байырғы тұрғыны Қинаш Рысбеков ағамыздың бәріне жергілікті халық, өзіміз кінәліміз деген сөзінің жаны бар. Себебі бұл өлкенің балығы жылдар бойы бейберекет ауланып келді. Айырмен шаншып, Қытайдың ауын салды, тоқпен ұрды. Енді оған Іле мен Топар өзеніндегі су деңгейінің төмендігі сияқты адам қолымен жасалған табиғат құбылысы қосылды. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен Топар көлдері жүйесі көктемде түсірілген мына бейнежазбадағыдай жағдайға душар болды.

Ерасыл Бекжанов, облыс бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

– Аталған көлдерден су сынамаларын алды. Су сынамалары сәйкесінше, департаменттің зартханалық талдамалы бақылау бөлімімен 13 ингридиент бойынша бақылау жүргізіледі. Яғни қазіргі таңда алынған су сынамалары бойынша химиялық талдау жүргізілуде. Нәтижесі алдағы уақытта шығатын болады.

Ел мен жердің жағдайын өзге емес, жергілікті тұрғындардың бес саусағындай білетіні белгілі. Олардың айтар уәжі мынадай:

Қинаш Рысбеков, Топар ауылының тұрғыны:

– Қыстың күні су аз болғаннан кейін көлдің бәрі табанына дейін қатып қалады. Оған ауа бармағаннан кейін балық қырылады әрине. Судың саяздығы, судың жоқтығынан мұның барлығы.

Иә, айналып келгенде мұның барлығы ғаламдық проблемаға айналған су тапшылығынан туындап отыр. Осылай жалғаса беретін болса, экологиялық апатты жағдайға алып келуі мүмкін. Тиісті мекемелердің басшылары Іле өзеніне Қапшағай су қоймасынан қазір секундына 200 текше метр су жіберіліп жатқанын, мамыр айынан бастап оның секундына 400-500 текше метрге дейін ұлғаятынын айтты. Алайда Қапшағай су қоймасындағы су деңгейінің өзі жылдағыдан айтарлықтай төмендеп кеткен.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев