ШҚО: Шолпан ауылында ауыз су тарту үш жылдан бері аяқталмай келеді

Шығыс Қазақстан облысы Шолпан ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға жарымай отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 жыл бұрын басталған жоба әлі аяқталар емес. Бұл мақсатқа қазынадан 431 миллион теңге бөлінген. Алғаш байқау жеңімпазы деп танылған компания кейінірек сот шешімімен жұмысын орта жолдан тоқтатқан. Ал екінші мердігердің былтыр орнатқан құдықтары биыл опырылып құлап жатыр.

Шолпан ауылының тұрғындары осыдан 3 жыл бұрын мемлекет қазынасынан қаражат бөлініп, су тарту жобасы қолға алынғанда «ел қатарына қосыламыз» деп қуанған. Алайда құрылыс сағызша созылып, мердігерлер ауыса берді. Салдарынан жұрт сапалы тіршілік нәріне жарымай отыр.

Алтай Баймұхаметов, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Судың деңгейі түсіп кетті, мотор қояйын десек, біраздан кейін шықпай қалады. Енді мына су жүйесін салып жатыр әлі. Айта-айта жауыр болды, 3-4 жыл болды айтқалы. 2-3 мердігер ауысып қазіргі жұмыс сапасы да көңілге қонымсыз. Мына түрімен әлі 2-3 жылсыз біз ауыз су көре алмайтын сияқтымыз.

Талғат Аңдасов, Үржар аудандық құрылыс бөлімінің маманы:

- Бастапқыда мердігер «Комбистрой» болған. Содан кейін мердігер жауапсыз болып танылды, сот болды. Экономикалық сот болып 2018 ылы жұмыс істеген 150 миллион теңгеге. 2019 жылы жұмыс жүргізілген жоқ осындай себептермен. 2020 жылы сот шешімімен жаңа мердігер танылды. Ол «Идеал Астана 2030», ол былтыр 140 миллион теңгеге жұмыс жасады, 12 шақырым жер тартылды. Биылғы жылы жұмысты бітіруге 250 миллион бөлініп отыр. Бұйырса, қараша айында бітіреді.

Алайда тұрғындар екінші мердігердің жұмысына да көңілдері толмайды. Ауыл ішінде бейберекет қазылған шұңқырлар қазір елдің зәресін ұшырып отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Мердігердің тиянақсыз жұмысының кесірінен қазір ауыл ішінде мынандай ашық-шашық жатқан құдықтар көп. Тіпті оларға көліктер құлап, адамдар да жазым бола жаздапты. Сондықтан тұрғындар өз бетімен осылайша шұңқырларға таяқ қадап, қауіпсіздік белгісін қоя бастаған.

Талғат Аңдасов, Үржар аудандық құрылыс бөлімінің маманы:

- Олар бұл кемшіліктердің бәрін орнына қоямыз, жоямыз деп кепілдік хат жазып беріп отыр. Ол жағдай біздің де, технадзордың да бақылауында болады. Мұндай кемшіліктер кезіге берсе, біз еріксіз сотқа беруге мәжбүр боламыз.

Ауылда ауыз судан өзге Мәдениет Үйі, жол, көпір сияқты мәселелер де шаш етектен. «Мұның бәрі жұртқа жаны ашитын әкімнің болмауынан» деп есептейді тұрғындар.

Қайрат Маткәрімов, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Ауылымызда көп нәрсе істеліп жатқан жоқ. Көтерілетін мәселелердің барлығы көтеріледі, ол сол көтерілген күйінде қалып жатыр. Өйткені бізде мысалы, осының бәріне басы-қасында халықпен бірге жүріп жұмыс істейтін, халықпен бірге көтеріп, жоғарғы жаққа халықтың мұңын айтатын бізге басшы керек. Яғни бізге әкім керек. Өзіміздің халықтың ішінен, яғни өзіміздің ауылымызды білетін, әр халықты танитын ауылымыздың бір азаматы болса екен деп өзіміз талпынамыз, әрекет жасадық. Бірақ біздің өзіміздің сұрап отырған азаматымыз әкімшілікке өтпей қалады. 

Ал аудандағы атқамінерлер барлық әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешімін табады деген сенімде. 

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы