Жамбыл облысындағы елді мекен халқы ішімдіктен бас тартқан

Жамбыл облысындағы Шайқорық ауылы ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Бастаманы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті көтерген.

Мекеменің алкоголь өнімдерін тұтынуды тоқтату жөніндегі ұсынысын жергілікті ақсақалдар мен жастар қолдапты. Енді ауыл тұрғындары салауатты өмір салтына біржола ден қоймақ. Ал аймақтағы 22 дүкеннің қожайыны ішімдік сатуға рұқсат беретін лицензияны кері өткізген. Тіпті рамазан айынан кейін де арақ-шарапты саудаламаймыз деп отыр. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы өзге ауылдар да іліп әкетеді деп үміттенеді.

Жанболат Оразбай, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

- Былтыр біз бұл акцияны бастағанбыз. қалаға жақын орналасқан елді мекен болғаннан кейін бізге сәл ауырлау болды. Ауыл жастарын көтеріп, ақсақалдар кеңесінің қолдауымен осындай нәтижеге бүгінгі таңда жетіп отырмыз. Басқа да шалғай ауылдарда ішімдік сатуды тоқтатсақ, салауатты өмір, жастар тәрбиесі деген ұлағатты жолда жүрер еді.