Павлодар облысы «Ертіс орманы» резерватындағы өрт ауыздықталды

19 сәуір күні 8:30-да Павлодар облысы «Ертіс орманы» резерватындағы өрт ауыздықталды.

Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

«Ішкі жану мен қатты желге байланысты от үш бағытта таралды. Екі бағыт бойынша қарауылдау, үшінші бағытта сөндіру жұмыстары жүргізілді. Өрттің ауданы шамамен 1000 га құрады. Оның ішінде орманды алқап 300 га құрайды.

Өртті сөндіруге 50 бірлік техника және 206 адам жұмылдырылды. Оның ішінде 112 дана аспалы бүркігіштер және шартылдақ аспаптар (хлопушка) қолданылды», - делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 18 сәуірде 13:34-те Павлодар облысы ТЖД Дағдарыс жағдайындағы басқармасына табиғи өрттің шығуы, атап айтқанда Шарбақты ауданы Галкин ауылдық округі дала орманшылығының орман аумағында № 149,70 кварталдарда құрғақ шөп пен ағаштың жанғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бұл аумақ Шарбақты ауылының №7 өрт сөндіру бөлімінен 60 шақырымда орналасқан.