Елімізде дәрігерлер мен IT мамандары тапшы

Қазақстанда дәрігерлер мен IT мамандары жетіспейді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, жыл басында құрылысшылар мен қызмет көрсету саласындағыларға да сұраныс көп болған. «Ал қазір бұл көрсеткіш кеміп, ауылшаруашылығы жұмысшылары тапшы болып барады», - дейді вице-министр.

Ержан Біржанов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Қажетті мамандықтар атласы жасалды. Бүгінде елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де өзгерістер болып жатыр. Себебі, еңбек нарығы өте жылжымалы, жаһандану бар, көп жерлерде шекара жоқ, отандастарымыз шетелге барып жұмыс істеуде, бізге де шетелден келіп жатыр, пандемия кезінде шекара жабылғандықтан олардың саны азайды. Бірақ болашақта мұндай процестер болады. Болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайды, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, осының бәріне сараптама жүргізілді.

Бұдан бөлек, жауаптылар Президент пәрменін де орындап жатқанын айтады. Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жұмыспен қамту бағдарламасын сынға алған еді. «Бәрі қағаз жүзінде ғана орындалып жатыр деген Мемлекет басшысының ескертуінен кейін жүйелі жұмысқа кірістік», - дейді Ержан Біржанов.

Ержан Біржанов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Президенттің тапсырмасымен «Жол картасы 2021» бағдарламасы тағы да ұзартылды, бірақ сын көп айтылды. Сондықтан Еңбек картасы бойынша жаңа тәсілдер қабылданды, инфрақұрылымдық жобалар саны азайды, бірақ жаңа бақылау түрлері енгзілді. Енді жобаларды бәріміз бақылаймыз. Мемлекет жұмсаған әрбір тиын тиімді, қайтарымды болуы керек. Көздеген қаражат орнына барып, соның қайтарымды болуын қадағалаймыз.