Ashyq жобасына 619 кәсіпорын қосылды

Өткен бір апта ішінде Ashyq қосымшасы арқылы коронавирус жұқтырған 213 адам анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жоба іске қосылғаннан бері дертке шалдыққан 560 адамды анықтаған. Қосымшаға елдің 619 кәсіпорны қосылды. Бұл субъектілер Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз бен Талдықорған қалаларында орналасқан. Ең алғаш болып, Ashyq қосымшасын фитнес және спа орталықтары пайдалана бастады.  Ал мамырдың 5-інде боулинг, караоке иелері де осы мүмкіндікке ие болады.

Айта кетейік, ПТР-сынақтан өтіп, ағзасынан вирус анықталғандар қоғамдық орындарға кіргізілмейді.

Бейбіт Есенбаев, ҚР ДСМ Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры:

- Азаматтардың мәртебесі онлайн режимде жаңартылады. ПТР-тестілердің нәтижелері зертханаларға түскен бойда олар автоматты түрде Ashyq қосымшасына жіберіледі. Егер сынақ оң нәтиже көрсетсе, ол ақпарат 14 күн бойы сакталады. Яғни науқас осы уақыт аралығында үйде оқшаулануы тиіс. Кейін ол тағы тест тапсыруға барса, базадағы мәліметтер өзгертіледі. Ол азаматтың мәртебесі көк түске өзгертіледі.