Қордай ауданындағы шалғай ауыл тұрғындарына вакцина салына бастады

Шалғай ауылдағы тұрғындар да вакцина салғыза бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жамбыл облысының Қордай ауданын медициналық жылжымалы бригадалар аралап жүр. Соның арқасында мектеп қызметкерлері, тұрғындар, шаруа қожалықтарының жұмысшылары  екпе алып жатыр. Көшпелі бригада мамандарымен біздің тілшілер де шығып бір күндік жұмысты көріп қайтты.

Жылжымалы бригада бұл жолы Көктөбе ауылына барды. Елді мекен аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан. Таулы жердегі ауылға жету оңай болмады. Шатқалдардың ішімен ойлы-қырлы жолды әрең еңсердік.

Талғат Анарбеков, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- Телевизордан көріп жатырмыз. Жер әлем бүкіл ауырғаннан кейін қорқыныш болды ғой. Енді мына екпеден кейін қорықпаймыз деп ойлаймын. Жақсы укол салдырып бәрі жарым сағат демалыңдар деді сол отырмыз ғой демалып.

Раиса Билікова, мектеп директоры:

- Жан-жақта салдырып жатқаннан кейін соның бәрін көріп бірауыздан келісіп бүгін тех қызметкерлер бар, мұғалімдер ұжымы бар түгел екпе алып жатырмыз. Жаңа ғана салдырып шықтым. Жағдайым жақсы. Ешқандай кері әсері болған жоқ.

Дәрігерлер жергілікті тұрғындарға вакцина салып қана қоймай, оның маңыздылығын да түсіндірді. Бұдан кейін шаруалардың үйіне жеке-жеке барып екпе салды.

Ерлан Бердібаев, шаруа:

- Шалғай ауылда тұрғандықтан бізде уақыт болмайды. Малдан шыға алмаймыз. Жолымыздың қысқарғанына да рақмет. Сол кісілерге алғысымз шексіз. Вакцинаны бүгін бірінші күн алдық. Жағдайымыз жақсы. Салғанына жарты сағат болды ешқандай шағым жоқ. Денсаулық дұрыс.

Ғайни Ақылқожаева, дәрігер:

- Бұл кісілерге өте ыңғайлы. Өйткені амбулаторияларға барып прививочный кабинетке барып кезекке тұрмайды. Біз өзіміз келіп, жағдайларын бәрін тексеріп бір күнде салып кетеміз. Бүгін 25 доза алып келгенбіз. Соның қазір 24-і салынды. Енді тағы да бір ауылға барамыз.

Қазір Қордай ауданында 3 көшпелі бригада жұмыс істеп жатыр. Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 2700-ге жуық адамға екпе салынған. Жалпы өңір бойынша жыл соңына дейін 600 мыңнан астам тұрғынды вакциналау жоспарланып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә