Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Елорданың дәл іргесіндегі Қараөткел ауылының тұрғындары бірнеше жыл бойы жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекендегі жол атаулыға асфальт төселмегелі қашан?! Бұл мәселеге аудан әкімідігі де қанық. Бірақ халыққа құрғақ уәдені үйіп-төгіп алдаусыратып келеді. Көктемде лайы шығып, жазда шаңы бұрқырған ауыл ішін арна тілшісі Нұрбек Байбосын көзбен көріп қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Сара Асанова – Қараөткелдің байырғы тұрғыны. Зейнеткердің айтуынша, мұнда ішкі көше тұрмақ, үлкен жолдың өзі атымен жоқ. Жол болмаған соң басы ауырып, балтыры сыздаған халыққа жедел жәрдем де келуді қиынсынады. Ал көктем келсе қараөткелдіктер су жалдап, балшық кешіп кетеді. «Аулаға су жайылғанда, қайықпен жүруге шақ қаламыз», - дейді кейуана.

Сара Асанова, Қараөткел елді мекенінің тұрғыны:

- Біз де адамбыз ғой. Пәлен жылғы мына жол оңдалмады ғой мүлдем. Анау жоғарыдағыларға сәлем айтамыз. Келіп көрсін, мынаның барлығын көзімен. Бала-шағамыз бар. Жұмысқа барады, етіктері тозады мына жолдан. Жүре алмайды батпақтап.

Жолдың жыры шаршатқан жалғыз Сара Асанова ғана емес. Бүтіндей бір ауылдың мұңы осы. «Жол азабын жүрген білер» демекші, елді мекеннен қалаға қатынап жұмыс істейтіндер де мұнда жеткілікті.

Ғафунасыр Қабиденов, Қараөткел елді мекенінің тұрғыны:

- Мен I топтағы мүгедекпін. Күнара елордаға диализге барамын. Мені машина әкеледі. Ал машиналар өте алмайды сазда. Бізге өтетін жол жоқ мүлдем.

Былтыр Қараөткелдегі жол атаулының оннан бір бөлігі ғана жөнделіпті. Бірақ оның да сапасы сын көтермейді. Мұндағы жолдың тар екенін және асфальттың қалай төселгенін түсіну үшін сізге маман болудың қажеті шамалы. Көшеде жүргінші жолы да, жарық та жоқ.

Ерден Қалдыбеков, Қараөткел елді мекенінің тұрғыны:

- Бұл жолдар қырық жылдан бері оңдатылмаған. Тесіктің барлығын өзіміз істейміз. Көршілер барлығымыз жабылып. Кабинет министрлігіне, Қаржы министрлігіне айтамын, сіздер бізге, Қараөткелге бөлінген 2 млрд теңгені кеспеңіздер деймін. Бұл халықтың жағдайына, жолға бөлінсін.

Сәуле Көкір, Қараөткел елді мекенінің тұрғыны:

- Қараөткеліміз көркейсін деп, жол болсын деп, балапандарымыз батпаққа батпай жүрсін деп, демалысымызды бөліп, келіп отырмыз. Бізге осы бөлген 2 млрд ақшамызды кеспей, балаларымыз үшін осы жолды салып берулеріңізді сұраймыз.

Жолын бүтіндеп беруді сұраған халыққа биліктің шенді шепкенділері төбе көрсетті. Ауылдық Мәдениет үйінің алдына жиналған тұрғындар жолға жауапты басшыны сұрақтың астына алды.

Қараөткел Целиноград ауданына қарайды. Мұндағы инфрақұрылымды жақсарту үшін тағы 4 миллиард теңге қажет. Сонымен қатар ауыл ішіндегі 60 шақырымға жуық жол жөндеуді қажет етеді. Бұл үшін 5 миллиардтан астам теңге қажет. Бірақ жергілікті әкімдік республикалық бюджеттен әзірге тек 2 млрд қана сұрапты.

Арман Жұмағұлов, Целиноград аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі барлық бюджеттік өтінімдерді жинайды. Оларда да белгілі бір шектеулер бар. Мәселен биыл қанша шақырым жолдар жөнделеді, оған қанша қаражат бөлінеді деген секілді. Яғни, әрине, әр аудан, әр ауыл, әр облыс министрліктен көп ақша бөлінгенін қалайды, бірақ ведмоство бір жыл ішінде барлық жолдарды жөндей алмайды. Сол үшін әліптің артын бағып, күту қажет.

Целиноград ауданына 50-ден астам елді мекен қарайды. Оны толық дамытуға 60 миллиард теңгеден астам инвестиция қажет. Соған қарағанда қараөткелдіктердің ойлағаны әзірге бола қоймайтын да секілді.

Авторы: Нұрбек Байбосын