Елордадағы көп қабатты үй тұрғындары: ПИК міндетін орындаудан бас тартты

Елордадағы Бөгенбай батыр, 30 мекенжайында орналасқан тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелері кооперативі жұмыс істемейді.

Тұрғындар осылай деп шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

25-ші қабаттың шатырынан су өтеді екен. Салдарынан төмендегі пәтер төбелері мен қабырғалары бүлінген. Жертөледегі кәріз құбырлары да тозып, іші суға толған.

Сарыарқа және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бұл көп қабатты тұрғын үйдің мәселесі әбден қордаланған. Тұрғындардың айтуынша, 1998 жылы пайдалануға берілген биік нысан көп жылдар бойы жөндеу көрмей келеді.

Лариса Лобова, қала тұрғыны:

- Техникалық қабаттан аққан су мына қабырға арқылы менің пәтеріме кіреді. Тіпті төменгі қабаттарға дейін барады. Пәтер иелері кооперативінде қаржы жоқ емес, бар. Бірақ осыны көре тұра, жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. «Шағымдарың таусылмайды» деп, қызмет көрсетуден біржақты бас тартып отыр.

Ларисаның пәтері 25-ші қабатта орналасқан. Көктем басында еріген қар суынан ас бөлмесіндегі керме төбесі созылып кеткен. Ал жатын бөлме қабырғасы сарғайып, тұсқағаздары түсе бастаған. Пәтер иелері кооперативіне бірнеше мәрте шағымхат жазған. Жауап жоқ.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл – жертөледегі көрініс. Тоқ желісінен шоқ ұшуда. Лай судан да аяқ алып жүру мүмкін емес. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс тағы бар. Ал шіріген құбырлардың саңылаулары ағаш жоңқаларымен бітелген.

Жұмагүл Серікқызы, қала тұрғыны:

- ПИК-тегілер ешқандай жұмыс істеген жоқ деп айтуға болады. «Батыр» КСК болған кезде есеп берулер болды. Ал «Коммунальник-2» келгелі болмады. Олардың адамдарын да танымаймыз, көрген де жоқпыз.

«Көргіміз келмейді. Өйткені бұл үйдің кейбір тұрғындары бізбен дөрекі сөйлеседі және ұсақ-түйекке бола шағымдары таусылмайды», - дейді пәтер иелері кооперативінің төрағасы Виктория Коробовская.

Виктория Коробовская, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Менің қарамағымда істейтін мамандарыма дауыс көтеріп, балағаттайды. Сәйкесінше, олар аталған тұрғын үйге барғысы келмей қалды. Біздің қызметкерлер ішімдік ішуден аулақ. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Материал бар кезде жөндеуді тегін істеп берген кезіміз де болды. Еңбегіміз бағаланбаған соң кетуге мәжбүр болдық. Ақыр соңында бәрімізді «ұры» қылып қойды.

Сарыарқа ауданының әкімдігі бұл проблемамен таныс. Ондағылар мәселені шешудің өз нұсқасын ұсынып отыр. Осы мақсатта тұрғындармен бірнеше мәрте кездескен де.

Андрей Марченко, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Аталған тұрғын үйдің суық және ыстық су құбырларын ауыстыру керек. Су қысымын арттыратын құрылғысы да апатты жағдайда. Бірнеше рет жиналыс өткіздік. Егер ПИК қызмет көрсетуден бас тартса, жаңа заңнамаға сай міндетті түрде МИБ құру қажет. Егер тұрғындар бірлестік құру алдында жөндеу жұмыстарын шұғыл жүргізгісі келсе, өзара қаржы жинауы тиіс. Немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат алып, кестеге сай бөліп төлеуге болады.

Ал белгілі заңгер Серік Берқамалов ортақ мүліктің мәселесін қысқа уақыт ішінде және жүйелі шешу мақсатында меншік иелері бірлестігін құру идеясын қолдайды. Ол үшін міндетті түрде жалпы жиналыс өткізу керек. Жиналыстың өтуіне тұрғындардың кем дегенде 10%-і бастамашы болуы қажет. Және оған меншік иелерінің жартысынан астамы қатысуы шарт. Төрағасы да ішінен сайланады. Сонымен қатар 3 адамнан үй кеңесі құрылады. Бірлестіктің ПИК-тен бір айырмашылығы - бірнеше үйге қызмет көрсете алмайды.

Серік Берқамалов, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ қалалық филиалының төрағасы:

- Мүліктің меншік иелері бірлестігін құруға жанама түрде кедергі келтіргісі келетін пәтер иелері кооперативтері бар. Бірақ бұған қатысты арнайы заң бұзушылық бабы қарастырылмаған. Ал қызметін асыра пайдаланып өз бетімен кеткен немесе ақша жымқырған ПИК төрағаларының қылмысы дәлелденсе, жауапқа тартуға болады.

Мәселе шешілмесе, пәтер иелері кооперативі үстінен қалалық тұрғын үй инспекциясына және сотқа арызданамыз. «Жауаптыларды нысаналы мақсатта игерілмеген ақшаны қайтаруға немесе жөндеу жұмыстарын аяқтауға міндеттейміз», - деп отыр ашынғандар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Диас Қовланбаев