Биыл Төлеби ауданындағы барлық елді мекен 100% табиғи газбен қамтылады

«Биыл Түркістан облысының Төлеби ауданындағы барлық елді мекен толықтай көгілдір отынға қол жеткізеді».

Осылай деген ауданның атқамінерлері қазір соңғы жеті елді мекенді газға қосу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол қандай елді мекендер? Биыл толық қамтыла ма? Қанша абонент газға қосылады?

Жандос Жұмабек,

- Төлеби ауданы Қоғалы ауылдық округіне қарасты Диханкөл елді мекенінде үш жүзден аса отбасы тұрады. Тау бауырайында тұратын ауыл халқы көгілдір отынды күте-күте көздері талғанын айтады. Алайда от жағып, күл шығарудан әбден зәре-зап болған ауылдықтар «елді мекенге газ келетін болды» дегенді естігелі бері құрылыс алаңына күніне бір рет келіп кетеді.

Шаяхмет Тасболұлы, Диханкөл ауылының тұрғыны:

- Атам заманнан бері осы уақытқа дейін газ бізде болған емес. Үйден күл шығарып, отын кіргізіп, тезек кіргізіп, жүдә біз қиналып жатушы едік. Сол енді біздің Диханкөл елді мекеніне газ келіп жатыр. Соған ел болып, жұрт болып қуанып жатырмыз. 

Мердігер мекеме басшысының айтуынша, қазір мұнда Диханкөлден бөлек, Ұзынарық пен Алшалы елді мекендеріне де газ құбыры тартылуда. Бұл елді мекендерде 4 мыңға жуық халық тұрады. Ал есігінің алдына келген газ құбырын үйіне кіргізу тұрғындардың өз есінен жүргізіледі. «Құны 75 мың теңге», - дейді білетіндер. Қазір құрылыс басында 20 маман мен 6 техника дамылсыз жұмыс істеп жатыр.

Нұрқанат Исабеков, мердігер мекеменің атқарушы директоры:

- Жалпы сметалық құны 455 млн, 531 абонент бар, осы үш елді мекенде жоба бойынша. Қыркүйек айына дейін бітірсек деген жоспар бар. Негізі мақсатымыз – ертерек бітіріп, ертерек осы халықты газбен қамтамасыз ету.

Жалпы Төлеби ауданында 55 елді мекен бар. Соның 48-і, яғни 87% табиғи газбен қамтылған. Қазір республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған екі жоба бойынша қалған 7 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Керегетас, Қасқасу, Жоғары Қасқасу елді мекендерінде 5 мыңға жуық тұрғын, 700-ден аса абонент бар.

Нұралхан Шарипов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қаржыландыру жоспарына сәйкес, аталған нысандардың құрылысы 2022 жылға ауыспалы. Бірақ мердігердің жұмыс ауқымын қарап, біз бұлардың осы қыркүйек айына дейін жұмысты аяқтау туралы кепілдемесін алдық. Соның негізінде республикалық бюджеттің нақтылауына қайта ұсыныс жасап, біз осы жеті елді мекенді ағымдағы жылы аяқтауға жұмыс жасап жатырмыз. Жобамыз жүзеге асса, Төлеби ауданы биыл 100% табиғи газбен қамтылатын болады.

Мамандар «елді мекендердің толық көгілдір отынмен қамтылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының көптеп ашылуына ықпал етеді», дейді. Ал жаңа құрылыс алаңдары мен жаңа көшелерді газбен қамтуға басқа жобалар қарастырылған. Ол қосымша жұмыс ретінде атқарылатын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы