Павлодар облысында сапасыз жол салған мердігерлерге айыппұл салынып жатыр

Ертіс өңірінде барлық деңгейдегі тас жолдардың сапасы жіті тексеріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар жыл басынан бері 500-ге жуық тексеріс жүргізіп, 1400-ден астам ақау анықтаған. Нашар жол үшін мердігер жауапкершілікке тартылады. Ал, 73 лауазымды тұлғаға екі млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жиі кездесетін кемшіліктер жөндеу жұмыстарының сапасыздығы, жол белгілерінің болмауы және тиісті деңгейде күтіп ұстамау. Енді осы көктемгі науқанда 70 көшенің асфальты қалыпқа келтіріледі.

Бауыржан Мақашев, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- Жол-көлік оқиғалары бойынша жасалған сараптама нәтижесінде қауіпті жол учаскелері анықталды. Павлодарда жол апаты болуы ықтимал сегіз қиылыс бар. Сапасы нашар учаскелерді жою, реттеу бойынша ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар бақылау күшейтілді. Алдағы уақытта облыстық маңыздағы жолдардың барлығы тексеріледі.