Елорда іргесіндегі ауылда жол мен интернет жоқ

270-тен астам түтіні бар Қойгелдінің тұрғындары өркениеттен сырт қалғанына наразы.

Жергілікті халық әсіресе пандемия кезінде қатты қиналған екен. Өйткені қашықтан сабақ оқуға мүмкіндік болмаған.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Елордадан 50 шақырым жерде орналасқан Қойгелді ауылындамыз. Бұл жердегі тұрғындар цифровизация дәуірінде интернет желісіне қосыла алмай отырмыз деп дабыл қағып отыр. Әсіресе сабақ беру қиынға түсті дейді олар. Құлайын деп тұрған көпір, шұрық-тесік жолдар және бар.

Қойгелді Ақмола облысындағы Аршалы ауданына қарайды. Елорданың іргесінде жатқан ауыл ғаламтор деген ғаламаттың игілігін көре алмай әлек. Онлайн сабақ беру кезінде мұндағы мұғалімдер мен оқушылар әбден қиналған екен.

Роза Тұрдиева, мұғалім:

– Студенттеріміз үйде онлайн оқып жатыр. Мысалы, қызым терезенің алдында отырып алып істейді. Ол қызым кірген күні мен кіре алмаймын. Мен «күнделікте» отыра алмаймын ол күні. Егер мен күнделік толтырмасам ұрыс естимін. Жүз пайызға жеткізуім керек. Ал қызыма тоқтап тұр десем, оның ұстазы ұрысады.

Бүгінде мектептегі мұғалімдер электронды күнделікті күн сайын толтырып отыруы шарт. Ол үшін осындағы он ұстаз бір компьютерге кезекке тұрады екен. Өйткені қалған техника интернет ұстамайтын көрінеді.

Былтыр төртінші тоқсанда онлайн болған кезде расында терезенің алдында отырдық. Балалар да, біз де отырдық. Өйткені интернет ұстамайды.

Айдар Байманов, Аршалы ауданының әкімі:

– Қойгелдінің қасында тағы да үлкен мұнара тұр. Сол жерлерге қондырғысы келетін жеке компаниялардың қызығушылықтары бар. Сондықтан ол шешімін табады деп ойлаймын. Қойгелді ғана емес, жалпы ауылдарға интернетті жеткізудің жолдарын біз қалай болғанда да жеткізуіміз керек.

Тұрғындарды толғандыратын енді бір мәселе – сапасы сын көтермейтін жолдар. Мұнда жөндеу жұмыстары соңғы рет қашан жүргізілгенін ешкім білмейді. Ауылға апарар жалғыз көпірдің жыры да жауыр болды. Ол 10-тонналық жүк көліктерді көтеруге арналғанымен, күнделікті бұның үстімен 40 тонналық техника да бірнеше рет жүріп өтеді екен. 

Айдар Байманов, Аршалы ауданының әкімі:

– Тұрғындар тарапынан ескертулер бар. Оны енді құзыретті органдар арқылы тексеріп қараймыз. Бұл біздің күн тәртібімізде бар нәрсе.

Қойгелдінің азаматтары қой аузынан шөп алмайтын халық деп, бізді елеусіз қалдырмаңдар деп сұрайды тұрғындар. Әкім-қаралар ауылға жиі келіп тұрса, интернет игілігінің өрісі алып, құлашын кеңге сермейтін шығар деп сенеді.

Гүлзия Нақыпқызы, Нұрғали Мамырбаев