Қостанайлық тұрғын үй-күйсіз қалғандарға баспана тұрғызып берді

Қостанай облысындағы Забелов ауылында өмірдің қиын жағдайына тап болғандар үшін әлеуметтік баспана бар.

Оны осы елді мекен тұрғыны ашқан. Екатерина Гусейнова 10 жыл бұрын бос қалған ескі ғимаратты қалпына келтіріп, үй-күйсіз қалғандарға пана тауып беріп отыр.

Екатерина Гусейнова жабырқау жандармен оңай тіл табысып келеді. Қазіргі таңда ол алты адамға пана тапқан. Оның екеуі төсекке таңылған.

Екатерина Гусейнова, әлеуметтік үйдің негізін қалаушы:

– Екеуі ғана аяғынан тік тұра алады. Қалғандарының шамасы жоқ. Мен олардың зейнетақысын алып отырамын. Жазып берген сенімхаттары бар. Сол ақшаға өмір сүреміз. Азық-түлік, киім-кешектерін сатып аламын.

Жұмабек Даулетовті туған қызы осы жерге жарты жыл бұрын әкеліп тастаған. Зейнеткер кенеттен зағип атанып, есту қабілетінен айырылыпты. Кейін ауыр жарақаттанып, екі аяғы жүрмей қалды.     

Жұмабек Дәулетов, әлеуметтік үйдің тұрғыны:

– Тыңдайтыным радио. Қызым берді. Сонымен жүрмін. Менімен ешкім сөйлеспейді. Екатерина Николаевна келіп сөйлеседі менімен.

Николай Ступников – Чернобыль апатының ардагері. Оның Жітіқарадағы пәтері отқа оранып, денесін күйік шалған. Медициналық мекемеде ем-домын толық алып біткен соң, уақытша осы әлеуметтік үйді паналап отыр. Күннен күнге жағдайым жақсарып келеді дейді ол. Жақында үйіне оралады.

Николай Ступников, әлеуметтік үйдің тұрғыны:

– Мұнда біз үшін жағдай жасалған. Екатерина тамағымызды уақытында әкеліп тұрады. Қыста тоңған жоқпыз. Бәріміз бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық.

Үйдегі барлық шаруаны тұрғындар өздері тындырады. Ал Екатерина тамақ пісіріп, кір жуады. Ол әлеуметтік үйді өз ынтасымен ашқан. Ауылдастары киім-кешекпен, азық-түлікпен ұдайы көмектесіп тұрады. 

Екатерина Гусейнова, әлеуметтік үйдің негізін қалаушы:

– Құс өсіріп, картоп, қызанақ егеміз. Туған күн, мерекелерді міндетті түрде тойлаймыз. Қазіргі жастар осындай іспен айналысуға мүдделі емес.

Әлеуметтік үйдің иесі биыл республикалық «Мейірім жолында» байқауының жүлдегері атанды. Бірақ Екатерина өз қамқорлығындағы адамдарды бір аптаға қараусыз қалдыра алмады.      

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров