429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысы Қапал ауылында өткен ғасырда салынған көне үй жөнделе бастады

  • 81
  • UPD: 15:17, 20.04.2021
Алматы облысы Қапал ауылында өткен ғасырда салынған көне үй жөнделе бастады

Тарихи нысанды қалпына келтіруді жергілікті шаруашылық жетекшілерінің бірі қолға алған.

Ол бірнеше жыл бойы қараусыз қалған баспананы сатып алып, қазір құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осылайша ел азаматтары «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасына өз үлесін қосып, қасиетті мекенде туризмді дамытпақ.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қапалдағы мына үйдің салынғанына бір жарым ғасырға жуықтаған. Оны атақты көпес Шаяхмет Әбсаттаров 1875-1880 жылдары тұрғызыпты. Ерекше үлгідегі архитектуралық нысанның жертөлесін кірпіштен, ал қабырғасын ағаштан қиюластырып көтерген.

Көп жыл бойы қараусыз қалған көне ғимараттың шатырынан су өтіпті. Соның әсерінен құрылысқа қолданылған ағаштардың біразы шіріп кеткен. Осыған байланысты жұмысшылар үйдің төбесін ашып, бүтіндей бөлінбеген күйі салынған бөренелерді ауыстырып жатыр.

Құрмаханбек Тырнахан, құрылысшы:

- Кішкене бөрененің өзін алты жігіт әрең алып шықтық. Шеберлікпен салынған. Мынаның өзін қарасаңыз, жалпақтығының өзі – 40-50 см. Төбеге салынған. Одан кейін әр жарға қойған бөренелер екі жағын қырлап отырып, арасына мүк қарағайдың арасында өсетін суық кірмеу үшін жасалған. Соның арқасында ұзақ жыл сақталып тұрған.

Құрылыс жұмыстары барысында үйдің сейсмикалық тұрғыда мықты етіп салынғаны анықталған. Мәселен, іргетасын қалауға жалпақ тастар қолданылса, жертөлесіндегі кірпіштің қалыңдығы 50-60 смге дейін жетеді. Ішкі және сыртқы безендірілуінен-ақ ұсталар мен ағаш шеберлерінің өзіндік қолтаңбасын көруге болады. Нысан қалпына келтірілгенде өткен ғасыр стиліндегі қонақ үй қызметін атқармақ. Табылған заттар жинастырылып көпшілік назарына ұсынылады.   

Жеңіс Ысқабай, ағаш шебері:

- Ашық аспан астындағы мұражай іспетті жасап, осы жерден шыққан экспонаттарды сол жерге қоямыз. Мынау шеге, хаттар бар, төте жазумен жазылған хаттар бар. Соның бәрін жинастырып, кішігірім музей жасамақшымыз. Біздің мақсатымыз – осының барлығын қалпына келтіру. Барынша бұрыңғы ұсталардың ізі қалған дүниелерді сақтап қалу.

Қапал ауылында осындай оншақты үй мен екі мешіт пен бар. Бастамашыл топ өкілдері сол көне ғимараттарда шағын бейнеролик түсіру арқылы қасиетті мекенді насихаттап ішкі туризмнің дамуына үлес қоспақ.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы