ШҚО-да саман үйлердің тұрғындары дабыл қағуда

Шығыс Қазақстан облысындағы Үлкен Нарын ауылында 70-ке жуық адам сыз тартқан саман үйде тұрып жатыр. Олар талай жылдан бері қабырғасы қақырап, іргесі сөгіле бастаған баспаналары апатты жағдайда екенін дәлелдей алмай жүр. Жаңа үйден үміт күткен жұрт арасында мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы отбасылар және тыл ардагері де бар. 

- Всё этими руками я работала. И доила, и поила. И гвозди забивала.

85-тегі Валентина Макосова «осы жасымда көк иіс кеулеп, сыз тартқан үйде тұрамын деп ешқашан ойламаппын» дейді. Енді өзі үшін емес балалары мен немерелері үшін жаны ауырып, жүрегі сыздайды.Тыл ардагері тынымсыз еңбегімнің өтеуі осы ма,- деп те қынжылады. 

Валентина Макосова, тыл ардагері:

- Балалар шетінен ауырып жатыр, соларды көріп менің жаным ауырып отыр. Ана болсаңдар өздерің де түсінерсіңдер. Немерелеріме қарап жылап та аламын, қолымнан басқа не келеді. Кезінде барлығын да істедім, жұмыстан тартынбадым.

Бұл апатты үйге қалай тап болғандарын ардагердің қызы Наталья Шидыч айтып берді.

Айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын көктемде өздері тұрып жатқан үйге топан су кіріп, жарамсыз болған. Екі апта колледж ғимаратын паналаған оларға  жергілікті әкімдік осы үйді беріпті. Алайда үйдің сыры суық түскенде белгілі болды. 

Наталья Шидыч, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы үйімізге жөндеу жасап, кеңейтіп жатқан едік. Аяқасты су басқан соң міне осы үйді берді. Бір қарағанда әп-әйбат көрінген. Бірақ суық түсе барлық былығы шықты. Қабырғаларды сыз басып, көгеріп кетті. Бүкіл киім-кешек, дүние мүлікке көк иіс сіңіп алды, қанша кептірсем де болар емес.

Бұл жағдай әсіресе балаларға батып тұр. Отбасында бес бала бар. Оның бірі жарымжан. Ал кішілері сыз басып, иістенген үйдің ауасынан кешке дейін сырқаттанады. Тіпті екі жастағы немересінің бетін жара басып кеткен.

- Как грибковое это сказали, от сырости…

Үлкен Нарында осылай шықпа жаным шықпа деп отырған 12  отбасы бар.Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екен. Биыл бұл сұраққа бел шеше кірісіпті. Тіпті демеушілер тауып,осы үйлерді  сараптамадан өткізуге ат салысқан екен.Біз барған күні сол сараптамалардың нәтижесі де келіп жетті.

- Мінеки сараптама қорытындысы келді, үйлер апатты жағдайда тұр деген.

Осылайша 12 үй де апатты жағдайда деп танылған ең басты құжат келді. Енді бұл отбасылар күзде қолданысқа берілгелі отырған тұрғын үйден пәтер алуы әбден мүмкін.

Гүлмира Әбдерғалиева, Қатон-Қарағай аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Үлкен нарында 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды,жалпы құны 287 миллион теңге. Аяқталу мерзімі биылғы жылдың қазан айы деп жоспарлап отырмыз. Аяқталғаннан кейін кезекте тұрған адамдарға берілетін болады.

Пәтерді алу үшін көп балалы, аз қамтылған және апатты жағдайдағы отбасыларға жеке-жеке кезек жасалады. Сондықтан алаңдаған тыл ардагері Валентина Макосова сияқты тұрғындар енді жаңа баспанадан үмітті. 

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов