429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықтың тыныс алатын өкпесі: Шымкенттегі дендросаябақтан шу шықты

  • 146
  • UPD: 22:04, 20.04.2021

Шымкенттің дендросаябағы енді инвестор есебінен қарқынды дамуы тиіс. Жастар мен жалпы жұртқа арналған демалыс орындары ашылады. Алайда бұл игілікті іске көпшілік қуана қоймады. Шаһар тұрғындарының кейбірі ағаштарды кесіп, саябақты отап жатқанына қапалы. 

Өсіп тұрған жасыл ағашты еш уақытта кесуге болмайды. Кесу мерзімі ағаштардың ұйқы кезінде.

Роза Байсариева мұндағы тамыры терең тартқан ағаштардың кесіліп жатқанын көзбен көріп бей-жай отыра алмапты.

Айтуынша, кәсіпкерлік нысандарын салу үшін көгалдың көзін құрту ісі соңғы уақыттарда қарқын алған. Оның үстіне ағаш кесу процесі де көктем мезгілінде жүргізілмеуі тиіс деп есептейді ол. Емен, үйеңкі, қарағаш тұқымдастырын мейрамхана, дәмханамен алмастыру бұл парктің маңыздылығын жояды дейді.

Роза Байсариева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бұл дендрологиялық саябақ А.Асқаров атамыз халықтың демалатын өкпесі ретінде салып берген жері. Ал салып берген жерді жәй парк қылып сауда нүктелерін жасауына қарсымын. Міні осы орталықта мына ағаштардың бәрін біз жинап беру үшін келдік деп алдымызда тұрған жас өскіннің бәрін жолды ашу үшін кесіп жатыр.

Жайқалған саябақта ағаш кесіп, орнын тазалаушылар да кездесті бізге. Көзге бөтен көрінетін жұмысшы топ жауап беруден бас тарты. Есесіне дендросаябақтың басшылығы лезде жанымыздан табылып, жағдайды басқаша түсіндірді. Кесілген ағаштар қар мен жаңбырдан құлаған ескі бұталар екен. Бұл келеңсіздіктер тек жаңа жоба құру ісі жүріп жатқанымен байланысты. Кәсіпкерлер инвестиция құйып, келушілердің қатарын арттыру үшін демалушыларға жағдай жасамақ екенін айтты.

Ғани Қарабеков, А.Асқаров атындағы дендросаябақтың директоры:

- Тамақ жейтін жер емес бұл жерде жастарға арналған орын болады. Жастар «Удачи» деген проектте ағаштан істелген скамейкада отырып, гитарамен өлең айтады. Кітапхана болады. Шашка, шахматтан клуб болады. Арасында шығындарын шығару үшін су, гамбургер сатады. Тазалығына қарайды.

Ал мұндағы өзге демалушылардың пікірі екіге бөлініп отыр. Бірі 40 жылдық тарихы бар орын заман талабына сай жасақталғанын қалайды. Енді бірі дәмхана мен дүкендердің көп болуы қоқыс-қалдықтардың артуына әкеп соғады. Қаланың өкпесі саналатын орын өзге саябақтардан ерекше болуы тиіс дейді.

БЛИЦ:

- Парк болғаннан соң бізде аялап қарауымыз үшін өзіміз алып келуіміз керек.

- Дәмхана болса болады. Тек халал болуы керек ішімдіксіз. Тек сусындар. Мұнда бала-шағасымен келеді көбі.

Шымкент дендросаябағы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орыны. 117 гектар аумақты алып жатқан саябақта 500 мыңнан астам ағаш пен 1 млн астам шөптесін өсімдіктер бар. Мұнда Қазақстанның қызыл кітабына енген сирек кездесетін ағаштар да бар.

«Келушілер санын арттырамыз деп жасыл желегімізден айрылып қалмасақ болғаны», - дейді демалушылар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы