429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспий теңізі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін

  • 171
  • UPD: 23:43, 20.04.2021
https://youtu.be/D0Zv8ETfJro

Каспийдің солтүстік бөлігінде теңіз түбін тереңдету жұмыстары басталады. Жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын екі канал қазылады. Бұл Қашаған кен орнына кеме қатынасын жақсартады. Алайда экологтар тереңдету жұмыстары су айдынының биоалуан түрлілігіне кері әсерін тигізеді деп, алаңдап отыр. Уақыт өте келе Каспий теңізі Аралдың күйін кешуі мүмкін.

Соңғы 13 жылда Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі 1,5 метрге дейін төмендеген. Қашаған кен орнын игеріп отырған компания  қызметкерлерінің айтуынша, теңіз түбі тереңдетілмесе, алдағы 5 жыл ішінде мұнай өндірісі тұралап қалуы әбден мүмкін. Жүк кемелерінің қатынауы қиындайды. Алайда тереңдету жұмыстары су айданындағы биоалуантүрлілікке кері әсерін тигізеді дейді экологтар. 

Арман Хайруллин, эколог:

- Теңіз түбіндегі су түбі тұнған бентус. Зообентусы бар, басқасы бар. Мұның барлығы балықтың азықтық қоры. Егер қазатын болса, бір мезет осының бәрі өлетін болады. Балық шаруашылығына үлкен кері әсерін тигізеді деп есептеймін. Мұны нақты зерттемей тұрып, бұл жұмыстарды бастау әлі ерте деп санаймын.

Мұнай өндіру компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, тереңдету жұмыстары кезінде қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін талдау жүргізіліп, мемлекеттік органдармен келісім де жасалған. Үкіметтік емес ұйым өкілдері, экологтар мен  мұнай компаниясының қызметкерлері бұл мәселені онлайн жиында талқылады.

Нұраш Әжіғалиев, компанияның еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры:

- Табиғат қорғаушылардың басты күмәні бентос пен планктон азайып, балыққа зиян келеді деген сұраққа ғалымдардың көмегімен жауабы берілді. НКОК компаниясы ең үздік технологияларды қолдана отырып, жобадан қоршаған ортаға келетін әсерлерді төмендетуге күш-жігерін аямайды. Қазу жұмыстары бекітілген жоспарларға сай жүргізіледі.

Мұнай өндіруші компания тереңдету жұмыстарын қолға алмаса, 2022 жылғы кен орнындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Салдарынан 2027 жылы мұнай өндірісі тоқтауы мүмкін деп болжам жасап отыр. Теңіз түбін тереңдету арқылы салынатын екі каналдың ені 80 метрден 115 метрге дейін болады. Тереңдету кезінде 19 млн жуық текше метр топырақ шығарылады екен. Бұл жұмыстар биыл басталып, 2022 жылдың соңына дейін жоспарланыпты. 

Авторлар: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы