Таразда атыстан жараланған балалардың ата-аналары жауапқа тартылады

Таразда оқ тиіп жараланған жасөспірімдердің ата-аналары балаларды түнгі мезгілде бақылаусыз жібергені үшін жауапкершілікке тартылады.

Бұл жөнінде қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев мәлімдеді.

Бытыра тиіп ауруханаға түскен балалардың екеуі Шөлдала аумағындағы номері 55-мектептің оқушылары болып шықты. Олар бұған дейін тәртіп бұзғандары үшін ешқандай есепте тіркелмеген.

«Мектептегі сабақ үлгірімі қанағаттанарлық», - дейді қаланың бас педагогы.

Үшіншісі колледж студенті көрінеді. Бейресми ақпарат бойынша жеткіншектер белгісіз біреулермен ерегісіп, жанжал соңы атысқа ұласқан. Салдарынан үш бозбала бірнеше жерден жараланып, ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жәбірленушілердің жағдайы қалыпты. Ал қару ұстап тайраңдаған күдіктілер туралы нақты ақпарат жоқ. Полиция оқиғаның мән-жайын толық жарияламай отыр. 

Саясат Есеев, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қолымызда бұл оқиға қалай болды? Оған кінәлілер кімдер? Қанша адам қамтылды деген мәліметтер жоқ. Балалар толық отбасында тәрбиеленген екеуі де. Екеуі де әлеуметтік жағдайлары жақсы. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Біз түпкілікті полция органдарының ұсынымдарын тергеу амалдарының қорытындысын күтеміз. Міндетті түрде ата-аналар түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.