426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында Шалқар ауылының халқы шалшық су ішуге мәжбүр

  • 153
  • UPD: 20:26, 20.04.2021

Алматы облысындағы Шалқар ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Қар еріп, жауын жауса үйге келетін ауыз су лайланып кетеді. Ішінде құм мен тас, тіпті құрт та болады. Шалқарлықтар неге шалшық су ішіп отыр?

Сайрангүл Көкбаева, ауыл тұрғыны:

- Көріңіздер! Біздің Шалқар ауылының суы ішіп отырған. Қара лай. Қайта бүгін біраз тазаланыпты. А так күнделікті суымыздың ішінде қара қоқсық жүреді, тастар неше түрлі және әппақ шөп сияқты зат жүреді оның ішінде де. 

Бес баланың анасы Сайрангүл Көкбаева үшін ауыз су бас ауруына ғана емес, іш ауруына да айналды. Өйткені осы суды ішкен балалары жиі сырқаттанатын болып жүр. Өткен жолы жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға қаратқан. Суды қанша тұндырса да көктем, күз мезгілдерінде оңайлықпен тазара қоймайды. Жалпы ауылға су таудан келеді. Ауыз су ағатын құбырлар әбден ескірген. Су тазалауыш қондырғының да жаңартылмағанына он жылдан асыпты. Су құрамында құм мен тас көп болғандықтан ол тұрмыстық техниканы істен шығарып жатыр дейді тұрғындар.

Әкімбай Төребаев, ауыл тұрғыны:

- Бір жетіде фильтр толып қалады. Оны ауыстырасың. Ол да ақша. Кір машина істен шығады. Ол да ақша. Біз 15 мыңға жасаттық анау күні. Титтей бір несін ғана.

Судың лайлануы Жандосов, Қайрат және Шалқар ауылдарына ортақ мәселе.  50 жыл бұрын жүргізілген құбырлар әбден ескірді. Әуелде су жүйесі 400 үйді қамтамасыз етуге арналған. Қазір ауылдық аймақта үй де халық саны да екі есе өсті. Сондықтан 12 мың халқы бар үш ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы былтыр қолға алынды. 30 шақырымға жуық магистральдік су құбырлары жаңартылып, Шамалған өзенінің бойында модульдік су тазартқыш ғимарат салына бастады.

Ләйлә Әбілқайырова, Жандосов ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- 29 км құбыр тартылды. Қазіргі жағдайда су тазартқыш ғимаратты аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Ғимаратты жасап жатыр. Сол құрылыс біткеннен кейін объект эксплуатацияға қабылданғаннан кейін барып жаңа құбырға қосыламыз.

Қазіргі уақытта құбырларды жаңарту жұмысы 90 процентке аяқталды дейді мердігер мекеменің өкілдері. Бір ғана Жандосов ауылында 94 көшеге су тартылған. Ал Шалқар ауылына ауыз су Жандосов арқылы келеді. Жоспарға сәйкес екі ауылда  орталықтандырылған су жүйесі маусым айында іске қосылуы керек.

Авторлар: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы