Екібастұз тұрғындары меншік иелері бірлестігіне бірігуден алда келеді

Павлодар облысында көп қабатты үйлерге қызмет көрсететін 42 меншік иелер бірлестігі мен 13 серіктестік тіркелген. Басым бөлігі Екібастұз қаласына тиесілі.

Бұл жаңашылдықтан облыс орталығы қалып келеді. Павлодар қаласында әзірге бар болғаны 4 меншік иелері бірлестігі құрылған. Тұрғындар тарапынан да құлшыныс байқалмайды. Жаңадан құрылған ұйымдар қызмет көрсетуде қиындықтарға тап болған. 

Павлодарда кондоминиумды басқаруды Дулат Сайдахметов өз еркімен және бірінші болып қолға алды. Ол тұратын үйдің тұрғындары шешімін таппаған мәселелерді жиі талқыға салады. Сондықтан күрделі іске  білек сыбана кірісіпті. Төрт ай ішінде қаржыны тиімді пайдалана бастаған. 

Дулат Сайдахметов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Біз жиналған қаржыны қандай да бір жұмыстар жүргізу керек болғанда тек өзіміздің үйге жұмсаймыз. Егер жұмыс болмаса ақша жинала береді. Мүмкін үйдің айналасын абаттандыру керек болады. Ауламызды жақсартқымыз келеді. Менің ойымша мемлекет бізге өз үйімізді, өз қаржымызды басқаруға тамаша мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа ұйым жұмысын  бастаған кезде  бірқатар қиындыққа тап болыпты. Тұрғындардың үдесінен шығатын  сервистік компанияларды табу қиынға түскен.  Нарықта қызметтің бұл түріне бәсекелестік жоқтың қасы. Сондықтан үйді қолданысқа берген кезде қызмет көрсеткен сервистік компанияның көмегіне жүгінуге тура келген. 

Дулат Сайдахметов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Біз басқа компанияларды таңдай алмаймыз. Өйткені қызмет сапасы ақсап жатыр. Мәселен, аула сыпырушы аптасына тек екі рет келеді. Менің ойымша, ол өте аз. Ауланы күн сайын сыпыру қажет. Бұл  подъездердің тазалығына  да қатысты мәселе.

Елордамен салыстырғанда Павлодарда пәтер иелері бірлестігіне өту қарқыны бәсең. Көп қабатты үйлерге қызмет көрсету сапасы өте төмен. Мамандардың айтуынша, саланы дамытуға ынта жоқ. Өйткені қызмет көрсету тарифы республика көлемінде ең төмен дейгейде.

Думан Тақашев, қызмет көрсету ұйымының жобалық  менеджері:

- Қызмет көрсету компаниялары көп табыс таппайды. Бұл пайдасы аз бизнес. Жұмысшыларға сұраныс жоғары. Кәсіби мамандар оның ішінде сантехник, дәнекерлеуші, ұсталар жетіспейді. Білім беру мекемелері осы  мәселеге назар аударса екен деймін.

Тұрғын үй инспекциясындағылар бәсекелестікті қалыптастыруға қала құрушы кәсіпорындар атсалысуы керек деген пікірде. Сервистік компаниялардың материалдық-техникалық базасын жақсартпай іс алға баспайды дейді олар.

Нұрлан Рашитов, тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:

- Біз пәтер иелері бірлестігінің санын арттырғанда ғана нарық қалыптастыра аламыз. Менің ойымша, бәсекелестік болады. Өйткені сервистік компаниялар осы бірлестіктерге тәуелді болуы керек. Ең бірінші қаржылық тәуелділік.

Соңғы кезде қала тұрғындары үйді басқарудың жаңа үлгісіне көшуге қызығушылық таныта бастады. Дулат Сайдахметов төрағалық ететін бірлестікте барлық мәселені тұрғындар кеңесіп барып шешеді. Жуырда тозығы жеткен футбол алаңы талқыға түсті.

Дулат Сайдахметов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Үй тұрғындарының бірі көмек қолын созды. Ол біздің зауытта жұмыс істемейді. Соған қарамастан демеушілік көрсетіп, қаржы бөлетінін айтты. Осылайша футбол алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізуге  мүмкіндік туды.

Тозығы жеткен футбол алаңы жаңартылатын болды. Бұл осы алаңда ала жаздай доп тебетін балалар үшін жасалған сыйлық.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков