429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында 50 млн теңгеге салынған жол жарты жыл өтпей бүлінді

  • 96
  • UPD: 08:34, 21.04.2021

Алматы облысында өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына 61 млрд теңге бөлініп, 347 елді мекенде қатынас жақсарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның арқасында сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 84%-ке жетті. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95% болады. Жетісу жеріндегі жергілікті билік өкілдері жоғарыда аталған қысқаша ақпаратты,есеп берген сайын тілге тиек етеді. Алайда ауыл тұрғындарының сол жаңадан пайдалануға берілген жолдардың сапасына көңілі толмай отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Матай Байысов ауылындағы орталық көшелердің біріне өткен жылы ғана асфальт төселген еді. Бірақ ауыл тұрғындарының қуанышы арада 6 ай өтер-өтпестен су сепкендей басылды.

Оразғали Нұғманов, Матай байысов ауылының тұрғыны:

- Жасаған жолдары ештеңеге шақ келген жоқ, міне. Күзде салды, міне, енді қайта жол жоқ.

- Бұл келесі жылға қалған объект емес пе?

- Жоқ, біттік деп кетіп қалды ғой.

Есмұрат Молдахметов, Матай байысов ауылының тұрғыны:

- Сапасы нашар болғаннан кейін осылай болады. Сапасы жақсы болса, мынандай асфальт деген сұмдық енді. Бұлар асфальттың ақшасын жеп отыр ғой. 50 млн ақша бөлді дейді мынаған, сұмдық қой. Бар-жоғы бір екі-ақ километр жер.

«Ашынғаннан шығады ащы тілім» деген сөзді қазақ тегін айтпаған. Ауыл тұрғындары «бұл көшеге сапасыз құрылыс материалдарын төсеп, өз жұмысын дұрыс атқармай, жолға бөлінген қаржыны жеп қойды», - деп мердігер компания өкілдерін кінәләп отыр. Ескелді аудандық әкімдігіндегілер де бұл жағдайдан хабардар.

Елдос Ахметов, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл өздеріңіз көріп отырсыздар, біраз жұмыстары дұрыс болмағандықтан, асфальт қайтадан көтеріліп кетіп отыр. Соған біз хаттама жаздық, хаттарын жібердік. Екі жыл өздерінің кепілдіктері бар қайтадан орнына қою үшін. Олар 25 мамырға дейін ол жолды қайтадан жасап шығады.

Ал облыс орталығының іргесіндегі «Үйтас» саяжай аумағының кіреберісіне екі жыл бұрын жөндеу жасалған еді. Қазір ойылып, ойдым-ойдымы шығып жатыр. Өткен жылы мұнда 950 миллион теңгеге су құбыры тартылып, қазу жұмыстары кезінде қатты жамылғы бүлінгендіктен, Үйтастың орталық көшесін мердігер өз қаржысы есебінен қалпына келтірді.

Болат Сексенбаев, Үйтас саяжай аумағының тұрғыны:

- Мына жол бар ғой, бәрі ойылып кетті. Люктың бәрін дұрыс жасамаған. Сапасы жоқ, ештеңесі жоқ, мен жолда істегенмін. Өзім каток айдағам. Фризада істегем. Сапасы жоқ, өтірік жасаған жолды.

Рина Жексенбек, Үйтас саяжай аумағының тұрғыны:

- Бір қыс өте салысымен жолдың бәрі қазылып қалды, ойлы-шұңқыр жолдың бәрі. Жолдың ені тар одан кейін, екі машина қарама-қарсы шықса қорқасың, алаңдайсың.

Үйтастың орталық көшесін қалпына келтірген мердігер «Мұнда электр бағандары орнатылып, газ тартылып жатқанын ескеру керек. Солардың ауыр техникасы жолды бүлдірді. «Біз тасы отырып, қатты жамылғысы ойылған жол бөлігін қайтадан жөндеуден қашпаймыз», - деп жауап берді.

Бақыт Жусанбаев, мердігер:

- Тасы отырып кеткен жерлер бар. Көктем енді шықты ғой, күн жауын бітті. Келген, бізде де субмердігерлер істеген. Соларды біз шақырып, олар келіп, суретке түсіріп, фризамен алып, отырған жердің бәрін орнына қойып береміз. Бізде гарантиямыз бар. Жолдың ені ол бұрыннан тар. Бұл жерде, Үйтастың ішін аралайтын болсаңыздар, екі метрлік көшелер бар ені.

Ал мынау Талдықорғаннан Үйтас саяжай аумағына апаратын айналма жолдың сықпыты. Алматы – Өскемен республикалық тас жолының бұл бөлігіне екі жыл бұрын ғана асфальт төселген еді. «Қайда барсаң да көзбояушылық. Енді қайтіп оңамыз?», - дейді жергілікті тұрғындар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы