ШҚО-да CОVІD-19-ға қарсы екпе салдырғандар саны 40 мыңнан асты

Шығыс Қазақстанда CОVІD-19-ға қарсы екпе салдырғандар саны 40 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы өңірге бүгінге дейін 42 мыңнан астам вакцина жеткізілген. Үш күннен кейін препараттың тағы да бір партиясы келеді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, вакцинамен қамтуда кедергі жоқ, препарат кесте бойынша жеткізіліп жатыр. Тұрғындардың екпе алуы үшін барлық жағдай жасалған. Егер сәуір айының басында облыста тек 60 екпе кабинеті болса, қазір 380-ге жетті. Осылайша, тек медициналық мекемелерде емес, ірі кәсіпорындар мен сауда орындарында да екпе егіліп жатыр. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы халықты вакциналау үшін 16 жылжымалы медициналық пункт жасақталған.

Ермек Омарбеков, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

- Аудан ауыл қала деп бөліп жару жоқ. Барлық жақтағы адамдар вакцина ала алады.Біз қазан айына дейін 747 мың адамға екпе салынады деп жоспарлап отырмыз. Тұрғындарға тағы да баса ескерткім келеді. Екпе салу мен санитарлық талап қана бізді осы бір кеселден құтқарып,қалыпты өмірге оралтатын жалғыз жол.