Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған ер адам ұсталды

Түркістан облысында полицейлер Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы Алмас Серіков пен учаскелік полиция инспекторлары Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылына қарасты жайылымдық алқаптан қолына бірнеше қызғалдақ ұстап жүрген ер адамды көрген. Тексеру барысында ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адамның қолындағы гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген болуы мүмкін екенін ескерген тәртіп сақшылары оны Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жеткізді. Алты қызғалдақ айғақты зат ретінде алынып, сараптама тағайындалды. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің анықтамасына сәйкес, аталған алты дана гүл ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» қызғалдағы болып шықты.

Қазіргі уақытта осы жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кез келген қызғалдақ түрін жұлған, тасымалдаған, жойған, сатқан, сақтаған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ өсімдіктер әлеміне келтірген шығынын өтейді.