ШҚО-да заңсыз балық аулайтындар азаймай тұр

Шығыс Қазақстан облысында соңғы бір аптада заңсыз балық және аң аулауға қатысты 70-тен аса дерек тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы орман-тоғай мен өзен-көлдерді табиғат қорғау полициясы әуеден шолып, рейд өткізіп жатыр. Өйткені енді бірер аптадан соң балықтың уылдырық шашатын  мерзімі басталады. Рейд барсында Көкпекті ауданы аумағында Бұқтырма су қоймасының Тораңғы  мүйісінен моторлы 18 қайықтың тұрғанын анықтайды. Полицейлер сол маңнан 4 шақырымға жуық құрылған қытай ауын да тапты. Қазір аудың және қайықтардың иесі іздестіріліп жатыр. Ал жалпы рейдтің соңғы үш күнінде заңсыз аң мен балық аулаған 60-тан астам браконьер ұсталды.

Әсет Қизатов, облыстық ПД аға инспекторы:

- Шығыс Қазақстан аумағында заңсыз балық аулау және заңсыз балық өнімдерін анықтау және жолын кесуге бағытталған ағымдағы жылдың 16 сәуірінен 30 мамыр аралығында «Нерест-2021» жедел іс-шаралары өткізілуде. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағы бойынша заңсыз балық аулағаны үшін 62 азамат жауапқа тартылып, 1 миллион теңгеден астам  айыппұл салынды.