Елімізде асыл тұқымды мал басының өсімі төмен

Елде асыл тұқымды мал өсіруге қомақты қаражат бөлінгенімен, олардың өсімі 1 проценттен аспайды.

Бұл туралы бүгін депутат Аманғали Бердалин мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір асыл тұқымды мал жалпы ірі қараның тек 8-16 процентін құрайды. Кей түрін 2-3 есе артық бағамен шет мемлекеттерден сатып алуға мәжбүрміз. Парламент Мәжілісі саладағы жауапты ведомстволардан ахуалды өзгертуді талап етіп отыр. Мәселен, бұл түйткілді шешуге шаруаларға берілетін несиенің проценттік мөлшерлемесін төмендету сеп болар еді деді Аманғали Бердалин.

Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– 2020 жылы 7 777 шетелдік асыл тұқымды мал әкелінді. Асыл тұқымды ІҚМ санының өсуі жылдар бойынша 1% аспайды. Салаға субсидиялау түрінде жеткілікті көп қаражат бөлінгенімен, өсу қарқынының мұндай төмендігі саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Отандық асыл тұқымды ауылшаруашылық малдары сапасы мен өнімділігі бойынша импорттан кем түспейді. Мысалы, біздің елде шығарылған «Қазақтың ақбас» тұқымы көрші Ресей Федерациясынан сатып алынады. Импорттық мал отандық малға қарағанда 2-3 есе қымбат екенін ескере отырып, бюджет қаражатының шет елдерге кетіп, сол арқылы олардың экономикасын көтереді деп болжауға барлық негіз бар.