Қарағандының инфрақұрылымдық нысандарын қағаз жүзінде ғана тіркелген құрылысшылар салып жатыр

«Жұмыспен қамтудың» жол картасы бағдарламасын тексерген антикор мамандары жалған құжатпен жұмысқа тұру деректерін анықтады.

Мемлекеттік қызметке қабылдау барысында да біраз былықтың беті ашылды.

Антикор өкілдері мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырушыларды сұрақтың астына алды. Жалпы тендердің басты талабы – әлеуметтік нысандардың құрылысына жергілікті тұрғындарды көптеп тарту. Жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылысшыларға айына 85 мың теңге жалақы төленуі тиіс. Алайда жол картасының тізіміне мүлде құрылысқа қатысы жоқ адамдар еніп кеткен. Тексеруші топ тіпті ірі шаруашылық жетекшісінің жұмыссыз ретінде тіркелгенін анықтады.

Арслан Мынгишев, антикор өкілі:

– Анықталған азамат облыс аудандарының бірінде шаруа қожалығының төрағасы болып қызмет атқаратынын және жол картасымен мүлдем жұмыс істемегенін айтты. Жалпы бұл бір ғана дерек емес. 2017 жылдан бері өндірістік тауар сатумен айналысып келген кәсіпкер де өзінің бағдарлама қатысушысы екенін білмеген.

Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсында да заңбұзушылық көп. Тесттен өте алмаса да жалған құжаттар жасатып, жетекші маман лауазымына тағайындалғандар анықталды. Кәсіпкер ретінде тіркелсе де, мемлекеттік қызметін жалғастыра берген шенеуніктердің заңсыз ісі әшкере болды.

Асхат Оразхан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ берген мәлімет бойынша аталған азамат жеке қасиеттерін анықтау жөнінде тестілеуден өтпеген. Бірақ қызметке қабылданған.

Тексеру қорытындысымен кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Антикор қызметінің мамандары «Жұмыспен қамту» жол картасының механизмдерін жетілдіру керек деп санайды. Сарапшылардың айтуынша, жұмыспен қамту орталықтары тізімдегі тұрғындарды құрылыс жобасы біткенше қадағалауы тиіс. Сол кезде жұмыс берушілер белгіленген штатты өздігінен қысқарта алмайды.

Қамбар Бекенов, Марина Золотарёва, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев