Өскеменде көпқабатты үйлердің қабырғасын қаптаған материал түсіп жатыр

Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың сапасыз екенін айтқан тұрғындар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.

4 жыл бұрын тапсырылған 9 қабатты үйде 162 отбасы тұрады. Несиеге пәтер алғандардың қуанышы осылайша ұзаққа созылмады. Кейбірі құрылыс кезінде кеткен кем-кетікті түзеп, жамап жасқау үшін 4 миллион теңге қосымша ақша жұмсап, шығынға батыпты. Қыс түссе, тұрғындар пәтерде дірдектеп, берекесі қашады. Бұл үй Қазақстан ипотекалық компаниясының тапсырысымен салынды. Мердігер компания баяғыда банкрот болған. Бірақ жұрт мердігер мен нысанды қабылдап алған мемлекеттік комиссия мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеді.  

Бақытбек Әміренов, қала тұрғыны:

– Хат жазып бердік, тексеріп, шара қолданыңыздар деп. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жіберді. Ол жақтан қылмыстық жауапкершілікке тартуға ешқандай негіз жоқ деген ресми жауап келді. Сонда қылмыстық жауапкершілік емес пе?

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Бұл жерде ең бірінші кінә - Қазақстан ипотекалық компаниясында, оның басшылығында. Өйткені олар бұл үйді қабылдады. Өздері авторлық бақылау, техникалық бақылауға байқау жариялап, бұл үйді қабылдады.