Атырауда бағдарламамен берілген көпқабатты қос үйдің алдында ойын алаңы мен көлік тұрағы жоқ

Атырау қаласында күйі кеткен баспана көп.

2017 жылы «Жас отау» бағдарламасымен берілген көпқабатты қос үйдің алдында балалардың ойын алаңы мен көлік тұрағы жоқ. Нұрсая ықшам ауданында көлік көп жүреді. Бұл ойын алаңы жоқ балалар үшін қауіпті дейді ата-аналар.

Күн жылынған уақытта ойын баласы далаға асығады. Ал үй алдында оларға арналған алаң жоқ. Амалсыз таңнан кешке дейін әрі-бері шабумен болады. Аулада көлік те көп. Тіпті, бірнеше рет жазатайым оқиға да болыпты. Айгерім Абатқызы осыдан 4 жыл бұрын қуанышы қойнына сыймай жаңа пәтердің кілтін қолына алған еді. Бірақ қазір үйдегі 4 бала үшін жанын шүберекке түйіп отыр.

Аймекен Абатқызы, қала тұрғыны:

– Күні кеше бір баланы қағып кетті осы жерде. 2-3 жағдай болды сондай. Соны болдырмас үшін біз балаларымызға ойын алаңын сұраймыз.

«Жас отау» бағдарламасымен берілген қос үйде барлығы 220 пәтер бар. Әр отбасы 4 жыл бойы осы мәселені көтеріп келеді. Алайда жауаптылар тарапынан бұл түйткілді түйін әлі шешім таппай отыр.

Ержан Қайнуллаев, қалалық ТҮКШ бөлімі өндірістік-техникалық сектордың бас маманы:

– Таумыш Жұмағалиев көшесі 25, 25а тұрғын үй ауласына балалар ойын алңын салуға және автомобиль тұрағын салу үшін ЖСҚ жасақталып, жақсартылатын тізімге енгізілгенін қаперге аламыз. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаражат көзін бөлінуіне орай немесе жеке компаниялардың демеушілік тарапынан жұмыстар жалғасатын болады.

Кешқұрым уақытта бұл маңда ине шаншар орын болмайды. Мұнайлы шаһарда тек бұл ғана емес, басқа да үйлердің тұрғындарын осы мәселе әбігерге салып отыр. Ал жауаптылардың сөзіне сенсек, демеушілер көмегімен биыл бұл олқылықтың орны толмақ.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин