Кәріз құбырын жүргіземіз деп көшемізді бүлдіріп кетті – түркістандықтар

Түркістан қаласындағы «Тұран» шағын ауданының тұрғындары осылай деп арнамызға шағымданды.

Жұрттың айтуынша, қазылған шұңқырға балалар құлап, мерт бола жаздаған. Ашық тұрған кәріз құдықтары әлі де қауіп төндіріп тұрған көрінеді.

Бұл – Тұран шағын ауданындағы 129 көшенің тұрғындары. Кәріз құбырын жүргіземіз деп қаңтар айында қазылған шұқырдың 3 ай бойы көмілмей, ашық жатқанын айтады. Сол аралықта тереңдігі 3 метр болатын ұраға 2 бала түсіп кеткен.

Бақтияр Құдайбергенов, «Тұран» шағын ауданының тұрғыны:

– Көм деп едік, көмбеді. Менің балам түсіп кетіп, басын жарып алды. Бұл көшеде мына көршінің баласы, сосын менің балам түсіп кетті.

Индира Қадырова, «Тұран» шағын ауданының тұрғыны:

– Балам түсіп кетті, сәл болмағанда мүгедек болып қала жаздады. Үстінде қалың күртеше болды. Басқа жердегілер 10 метр қазып, көміп кетіп жүрді. Ал бізде 3 ай жүрді.

Мердігер мекеме терең шұқырды жақында көмгенімен кәріз құдықтарының ауызын жаппай кетіпті. Оны да тұрғындар өздері жапқандарын айтады.  

Бастапқыда бұл көшені тұрғындар өз күштерімен тас төсеп, қалыпқа келтірген. Алайда мердігер мекеменің бәрін қазып, бүлдіріп кеткеніне налиды. 

Ерік Узайыров, «Тұран» шағын ауданының тұрғыны:

– Өзіміз қалтамыздан ақша шығарып, көршінің камазы бар, хобасы бар, тасқа ақша жинап, осы көшені жөндегенбіз. Қазір көлік кіре алмайды. Мынаған да, ана көшеге де, ешкім кіре алмайды. Такси келмейді бұл жерге.

Біз істің ақ-қарасын білу мақсатында мердігер мекеменің өкілімен жолығып, сапасыз құрылыстың себебін сұрадық. 

Фарухжан Мұсаев, мердігер мекеменің прорабы:

– Бір жарым ай жауын-шашын, балшық болып, жұмыстарымызды істей алмай қалдық. Сол кедергі болып қалды. Қимылдай алмай қалдық. Люктарды басында мен қойғанымда ұрлап кетті. Содан кейін тоқтатып қойдым. Ал ағаштан қойсақ, балалар ойнап кетті.

Бұл кемшілікті қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары да біледі. Алайда олар сыннан қорытынды шығарудың орнына өзімізге дүрсе қоя берді.

Сейітмұрат Сейілбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

– Жоспарлаған кестемен келе жатыр. Біздің жақсы жағымыз да бар. Әдейі негатив іздеп деп келдіңдер-ау деймін.

Қазір «Тұран» шағын ауданында 30-дан аса көшеге осындай кәріз құбыры тартылып жатыр. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары құрылыс толық аяқталған соң бұл көшелерге асфальт төселетінін жеткізді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы