Семейде автобус паркі мен әкімдік арасында дау шықты

Жергілікті билік 2 жыл бұрын ашылған «Semey Bus» кәсіпорнымен келісімшартты бұзып, жаңа серіктестікке қызмет ұсынған.

Алайда «Semey Bus» компаниясының ұжымы бұл заңсыз шешім екенін айтып, өз қызметтерін тоқтатқан жоқ. Қазір қалада бір желіде қосарланған автобустар жүр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жергілікті атқамінерлердің ескі автобустар талапқа сай емес, сондықтан қала халқына Семейде құрастырылған отандық техника қызмет көрсету керек деп, тап осы алаңда алаулатып-жалаулатып жиналыс өткізгені күні кеше ғана еді. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында жаңа мекеме құрылған. Жаңа автобустарға электрондық төлем жүйесі де енгізіліп, халық енді үйрене бастаған. Алайда екі жылдан кейін әкімдік аяқ астынан бұл райынан айнып қалады деп кім ойлаған?

Семей қаласының әкімдігі лизингке техника беретін компанияға бір жарым миллиард теңге қарыз болып қалған «Semey Bus» кәсіпорнымен жолаушылар тасымалы жөнінде жасаған келісімшартын үзді. Естеріңізге сала кетейік, «Semey Bus» компаниясы осыдан 2 жыл бұрын құрылды. Кәсіпорын 170 автобусты несиеге алғанмен, оны мерзімінде төлей алмай қалды. Ақыры борышкерге дефолт жарияланды. Мұнан өзге салық, зейнетақы төлемдері, басқа да мәселелер бойынша 850 миллион теңге берешек.

Нұрымбет Сақтағанов, Семей қаласының әкімі:

- Амал жоқ, «Semey Bus-пен» өзара келісімшартты бұзамыз. Қосымша автобустар тоқтап қалмас үшін уақытша басқа кәсіпорынмен келісімшартқа отырамыз. Өйткені қала автобуссыз қалмау керек. Қосымша уақытша кәсіпорын осы «Semey Bus-тың» барлық жұмыскерлерін өзіне жұмысқа алуға дайын. Оның ішінде оған келіспеген адамдар болып жатса, біз қосымша өздеріңіз көріп отырсаңыздар, қаламыздың үлкен-үлкен кәсіпкерлерін шақырдық. Оларға да жұмыскерлер қажет.

Алайда «Semey Bus» кәсіпорнының басшылығы мен ұжымы бұл уәждермен келіспейді. Олардың айтуынша, жаңадан құрылған серіктестік акцияларының жартысы жекеменшік болғанмен, қалғаны мемлекет үлесінде болатын. Сондықтан мемлекеттен субсидиялық қаражаттар берілуі тиіс еді. Бірақ сол күйі уәде орындалмай қалыпты. Карантиндік шектеулер кезіндегі қиындықтар жасыл автобустар паркін де айналып өтпеді. Дегенмен біртіндеп енді аяғынан тұрып келе жатқан кәсіпорынды орға жығып, қаншама жұмысшыны далада қалдыру кімге тиімді екенін түсіндейміз деп налиды жүргізушілер.

Нұрлан Рақымғалиев, «Semey Bus» ЖШС механигі:

- 30 наурыз күні әкімнің өзі орынбасарымен келіп, бізге сөз берген. Міне, субсидияларыңыз түседі осы айда, бәрі жақсы болады деген. Айтысымен осы айдың аяғына дейін артынан тағы миллиард ақша түсуі керек болған. Қазір басқа жағдай. Қазір міне, тағы да Пинчук деген бұрынғы автопарк директоры өзінің автобустарын шығарып, заңсыз көшеде жүр. Жергілікті Үкімет қайда қарап отыр, мен соны түсінбеймін.

Қайырбек Манасов, «Semey Bus» ЖШС автобус жүргізушісі:

- Құдайға шүкір, жақсы болып келе жатқанда Пинчуктің базасы шығып, аяқтан шалып отыр.Оның барлығына демеуші болып отырған біздің әкім, оның үстінде облыс әкімі Даниал Ахметов. Сұрайтыным, бізге тыныш қана жұмыс істеуге рұқсат берсін. Бұның барлығын енді ары қарай жалғыз осы емес, Президентімізге дейін барамыз. Біз осы жерден кетпейміз, жұмыс істеп жүрміз және істейміз де.

Қайрат Күнафин, «Semey Bus» ЖШС автобус жүргізушісі:

- 2019 жылы біздің бірінші автопарк жабылған кезде, сендердің автобустарың ескі деп, 70 жүргізуші осында істедік. Міне, бүгінгі күнге дейін істеп келеміз. Енді істеп келе жатқанда қайтадан ана паркті ашады да, біздің ескіні жаппақшы. Мен түсінбеймін, құзырлы органдар, прокуратура бәрі қайда жүр? Сонда қалай, жап-жаңа автобустарды қойып қою керек те, қайтадан 30-40 жыл бұрынғы ескі автобусты шығару керек.

Қала тұрғындары да жаңа автобустарға үйреніп қалғандарын, электрондық төлем жүйесі де ыңғайлы екенін айтып отыр.

БЛИЦ:

– Осы жасыл автобустар жақсы ғой, басқа автобустарға қарағанда осы жақсы.

– Мен жасылға үйреніп қалғанмын. Жылы, тез жүреді, жұмысқа қалмай барамын. Картамен төлеймін, ескілерді білмеймін, ескілер суықтау деп айтып жатыр.

– Электрондық ыңғайлы, әйтеуір ақша салып қоясың. Айына бір салып қоясың, мың жарым екі мың теңге, жеткізесің. Ескі автобустарды қайта шығарғаны дұрыс емес деп ойлаймын негізі. Жаңа автобустар қалғаны дұрыс қой, үстінен тағы жаңа автобустар қосса, міне сол тамаша!

«Semey Bus» кәсіпорны басшылығы қала әкімдігі мен банк шешімін заңсыз деп тану жөнінде сотқа жүгінуді көздеп отыр. Қалай десек те, қоғамдық көліктер мәселесі әзірге ушыққан күйде. Мәселенің нақты қашан шешілері белгісіз.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...