429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қоқысқа көмілген қала

  • 113
  • UPD: 22:39, 21.04.2021

Оралда сәуір басталғалы сенбілік өтіп жатыр.

Алайда кей көпқабатты үйлердің ауласы көпке созылмай, қайта қоқысқа көміледі. Таудай болып үйілген қалдықтарды коммуналдық кәсіпорындар уақытылы тазалап үлгермейді. Әкімдік тұрғындарды кінәлайды. Себебі жұрт қоқыстың толып қалғанын алдын ала хабарламайтын көрінеді.

Луговая көшесінде қоқыс контейнерлері жеткіліксіз дейді тұрғындар. Барлығына ортақ жалғыз алаң бар. Маңайдағы кәсіпкерлік нысан иелері де қалдықтарды осында төгеді. Жәшіктер тез толып, кейін адамдар қоқысты айналасына тастауға мәжбүр болады.

Раушан Дүйсеғалиева, қала тұрғыны:

– Мына жер қоқыс құдығы болып кетті. Бәрі лақтырады. Машинамен келіп лақтырады.

Эльмира Кузняткина, кәсіпкер:

– Мен жеке тұлға ретінде де, кәсіпкер ретінде де коммуналдық қызмет ақысын төлеп отырмын. Бұл аумақтағы адамдардың барлығы осы контейнер маңына төгеді қоқысты. Бұл жерде тұрмыстық қалдықтар, құрылыс материалдары, бәрі бар. Контейнерлерді көбейтіп, айналасын қоршау керек деп ойлаймын.

Ал сенбілік басталғалы жағдай жақсармақ түгілі, тіптен нашарлап кетті.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Мынадай таудай болып үйілген көң-қоқысты қаладағы көптеген тұрғын үйлердің ауласынан көруге болады. Бұл – сенбіліктен кейінгі көрініс. Әрине, тұрғындар өз аулаларын тазарту үшін осылай жасады. Дегенмен желдің кесірінен қоқыстар қайтадан көшеге ұшып жатыр.

Көпқабатты үйлердің тұрғындары сенбілік кезінде жиналған қоқысты тиеу жөнінде алдын ала хабарламайды деп отыр әкімдік өкілдері.

Данияр Байжанов, мониторингтік топ жетекшісі:

– Тұрғындар ең алдымен қоқысты пакеттерге немесе қаптарға салып, бір жерге жинап қоюы керек. Аулалардағы қоқыс алаңдарына жауапты мекеме тек контейнерлерді ғана тазалайды. Ал одан тыс үйілген қоқыстарды қала тазалығына жауапты компания жинайды. Сондықтан сол мекемеге алдын ала хабарласып, өтініш тастау қажет.

Мониторингтік топ контейнерлер маңына қоқыс үйген тұрғындарға қатысты материалдарды жергілікті полиция қызметіне жолдап та жүр. Сәуір айы басталғалы бері 56 адамға әкімшілік хаттама толтырыпты.

Ернар Сұлтанғалиев, жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

– Бейне, фото және куәгерлердің ақпараты керек болады. Сол уақытта дәлелденген жағдайда біздер тиісті хаттама толтыратын боламыз. ҚР ӘҚК 434-бабы, 2-тармағына сәйкес, БҚО бойынша бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бізде 2 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Кінәлі тұлғаға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал олқылық қайталанса, айыппұл көлемі екі еселенеді. Тұрғындар келеңсіздікті жою үшін алдымен коммуналдық қызмет сапасын оңтайландыру керектігін айтады. Әсіресе, қоқыс жәшіктерін көбейтуді сұрап отыр. Жауапты коммуналдық кәсіпорын өкілінің мәліметінше, биыл мемлекеттік бюджет есебінен қосымша 600 контейнер сатып алу жоспарлаған. Ал шаһарда екі айлық сенбілік әлі жалғасып жатыр. Дегенмен техникалық база толықпайынша, түйткіл тарқатылмайтын тәрізді.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы