Ақтөбе облысында сәби сүюді армандап жүргендерге мүмкіндіктің орайы келді

Сәби сүюді армандап жүрген ақтөбелік 324  ерлі-зайыптыға мол мүмкіндік туды. Оларға  экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне мемлекеттік квота бөлінді. Балалы болу бақытын аңсағандардың кейбірі өзге қалаларда ем алады. Себебі көмек түрін көрсету республика бойынша 27 емханаға бөлінген. Ал өзге аймақта уақытша тұру үшін кейбірінің қалтасы көтермейді.

Бала сүюді аңсап жүрген 35 жастағы қала тұрғыны атын атап, түрін көрсетпеуді өтінеді. Айтуынша, аңсаған арманын орындау үшін жолдасы екеуі елорда мен Алматыдағы арнайы медицина мекемелеріне үш рет барған. Алайда нәтиже бола қоймапты. Ал кеткен шығын миллиондап саналады.

Қала тұрғыны:

- Кейде дәрігерлер өзге қалаға барып көрінуге кеңес береді. Бірақ мұндай әдістің қалтаны қағатынын жақсы білемін. Анализ тапсырудан өзге де тексеруге өзіміз төледік. Оған қоса тұратын жеріңді жалға аласың. Сондықтан маған денсаулық сақтау министрлігіне жазып, жағдайымды түсіндірген ем. Ондағылар менің өтінішімді жерде қалдырмады. Енді мен осы қалада емдеуден өтем. Бірақ тек екінші жартыжылдықта ғана қарала аламын.

Осындай жұптардың проблемасынан денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де хабардар. Олардың айтуынша, квотамен өзге қалаға барып емделу тегін. Тіпті жол шығыны кейін бюджет есебінен өтеледі. Ал уақытша үй жалдап тұруға кеткен қаржыны қайтару о баста қаралмаған. Сондықтан жергілікті жердегі экстракорпоралды ұрықтандыру орталығына бөлінген квотаны көбейту үшін министрлікке хат жазылған. Таяу уақытта оның жауабы келмек. Ал өңір бойынша жасанды жолмен болса да балалы болғысы келетіндердің саны аз емес.

Айгүл Күштаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда біз 700-ден аса облыс бойынша бала сүйе алмай отырған жұптар бар деп отырмыз. Бұл көрсеткіш негізінде жылдан жылға өсіп келе жатыр. Бұрыңғы кезде мұндай мәселелерді жұрттар сыртқа қарай шығармайтын болса, қазіргі таңда ашық айтыла бастады. жасырмай бұл проблеманы шешуге болатын жолдары бар екенін түсініп келе жатқандықтан бізде жылдан жылға көбейіп келе жатыр.

Жалпы биыл 324 жұпқа экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгіну үшін квота бөлініп отыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жеті есе көп. Жыл басынан бері дәрігерлердің тексеруінен өткен ақтөбелік 60 ерлі-зайыпты елдегі орталықтарға жолданған. Ал қаланың өзінде шілдеге дейін 13 адам  процедурадан өтпек. Одан кейін қаншасы қамтылатынын арнайы комиссия шешеді.

Светлана Есенаманова, облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Квотаға ие болу үшін бірнеше кезеңнен тұратын тексеруден өту қажет. Оның ішінде бедеуліктің басты себебін анықтау қолға алынады. Ердің де, әйелдің де ағзасы жіті бақыланады. Егер ұрықтандыруға қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда, ЭКО орталықтарға жолданады. Бірақ жыл өткен сайын оң өзгерістердің байқалуы бізді қуантып отыр.

Мамандар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жүріп жатқан бұл жұмыстың тиімділігі артып келе жатқанын айтады. Тек былтырдың өзінде жасанды жолмен ұрықтандырудың арқасында 20 әйелдің аяғы ауырлаған.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев