Ақмола облысының 49 жастағы тұрғыны бес күннен бері табылмай жатыр

Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған 49 жастағы ер адамға іздеу жарияланды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамның жоғалғандығы туралы 2021 жылғы 19 сәуірде Целиноград аудандық ПБ кезекшілік бөліміне хабарланды. Оны із-түзсіз жоғалған 1971 жылғы ер адамның Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 47 жастағы інісі айтты.

Оның сөзінше, Көкен Нұрлан 17 сәуірде кешкі сағат 21:30 шамасында Қосшы кентіндегі үйінен шығып, кейін қайтып оралмаған.

Жоғалған ер адамның бойы 170-175 см, дене бітімі орташа, шашы қара, мұрны түзу, ерні жұқа, құлағы қалқаңдау. Үстіндегі киімі туралы айта алмады.

«Жедел іздестіру шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары қонақ үйлер, жалға берілетін пәтерлер, компьютер клубтары, сауда орталықтары, түнгі клубтар, шаруа қожалықтары, автокемпинг, қараусыз қалған құрылыс, құрылыс алаңдары, саябақ пен скверлер, кәріз коллекторлары, гараж кооперативтері, саяжайлар, өзендер мен су айдындарын тексеріп шығып, қоғамдық көлік, жеке тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушілерінен сұрастырды», - дейді ведомстводан.

Полиция қызметкерлері жоғалған Көкен Нұрлан туралы қандай да бір ақпарат болатын болса, дереу 8(716-2) 29-10-67, 29-10-68, 29-11-22, 8-778-907-03-01 немесе Ақмола облысы ПД кезекші бөлімінің телефондары бойынша: 8 (716-2) 29-10-07, 29-10-08 полицияға хабарлауды сұрайды.