Іздеу жарияланған 518 шетел азаматы елдеріне қайтарылған

Соңғы 5 жылда еліміздің құқық қорғау органдары іздеу салынған 518 азаматты тауып, өз мемлекеттеріне жіберді.

Ал 346 адам керісінше, Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы бүгін сенатор Нұрлан Бекназаров Палата отырысында мәлімдеді. Оның хабарлауынша, қазір құқық қорғау органдары 2341 азаматты іздестіріп жатыр. Олардың 750-і мемлекетаралық, ал қалғаны халықаралық іздеуде. Қандай да бір қылмыс жасап, шетелге қашып кеткендерді табу үшін елдер арасында жасалған шарттар сеп болады. Осы орайда бүгін сенаторлар Солтүстік Македония елімен де осындай келісімдерді ратификациялап, өзара жәрдемдесу қажеттілігін ерекше атап өтті. Заң жобалары күшіне енгеннен кейін қос тарап іздеу салынған азаматтарды  ұстап ғана бермей, қылмыстық істерді жүргізу кезінде өзара құқықтық көмек көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстан мұндай шартты 30 елмен жасасқан. Ал, 922 азаматымыз шетелде қамауда отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымықтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес, қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.