Талдықорғанда жұрт жылжымалы кешенде вакцина салдырып жатыр

Талдықорғанда вакциналау ісіне жылжымалы медициналық кешен қолданыла бастады.

Облыс орталығында арнайы жабдықталған автобустағы 4 мобильді бригада жұмыс істеп жатыр. Соның біреуі бүгін қаланың қақ ортасындағы сауда орталықтарының алдына қойылды. Мұндағы мамандар көпшілікке екпе туралы мәліметпен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Иммунитетін күшейткісі келгендерден сауалнама алып, дене қызуын өлшеу сынды тиісті шараларды жүргізді. Ауруханаға бармастан жұмыс орнының жанында екпе салдырғандар көп болды. Түске дейін 50 шақты адам екпе алды. 

Жанар Қайранова, қала тұрғыны:

- Бұл бізге өте ыңғайлы болып тұр. Жұмыс орнына жүгіріп келіп салып, орныңа қайта барғанға. Себебі больницаға барсаң онда кезекте ұзақ тұру керек. Ал мынау тез.

Айгүл Мұсағұлқызы, қалалық емхананың дәрігер эпидемиологы:

- Жылжымалы кешен мақсаты егу пунктін халыққа өте жақын қойып, сол кісілерге қызмет жасау. Бүгінгі күнге 300 адамға қызмет жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сол адамдарға қызмет көрсетіп бітпей мына кешен ешқайда кетпейді.