Қ.Тоқаев: Елімізге тартылған инвестицияның 30%-ке жуығы Атырау облысына тиесілі

Былтыр Атырау облысында өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының қарқыны кеміген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері де азайды. Жайықтың жайы да алаңдатарлық. Өзен қатты тартылып барады. Облыс бойынша 30 ауылға ауыз су жетпеген.

Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтті. Алқалы жиында Президент не айтты? Қандай тапсырма берді?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Кеңес онлайн өтті. Президент әуелі «елдің даму жолында Атыраудың орны айрақша» деді. Тартылып жатқан инвестицияның біразы осы мұнайлы өлкеге тиесілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10%-тен асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30%-ке жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20%-ке жетті.

***

Президент мұнай-газ өнеркәсібін дамытуды тапсырды

Бұл енді жалпы өсім ғой. Ал, соңғы жылы аймақта күрделенген мәселе көп. Айталық, былтыр облыста өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен. Президент нақты мақсат-міндеттерді атады. Ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады.

***

Арнайы экономикалық аймақтың жұмысы көңіл көншітпейді

«Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген.

Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі аяқсыз қалып отыр. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық жоқ. Президент осы олқылықтарды тез реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді міндеттеді.

***

Жолдардың сапасыздығынан адам опат болып жатыр

Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – автожолдарды дамыту. Облыста жол апаты жиілеп кеткен. Былтыр өңірде жол үстінде 232 апаттан 69 опат болды. Әсіресе «Орал-Атырау» тас жолына ерекше назар аударған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95%-ін жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек.

***

«Нұр-Сұлтан – Алматы» жолын жөндеу қашан аяқталады?

Орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын айтты. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Жалпы Үкімет еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс әзірлеуі тиіс.

Жә. Президент көтерген тағы бір мәселе – жұмыспен қамту.

***

Атыраудағы орташа жалақы 358 мың теңге

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі таңда Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда жоғары. Орташа жалақы 358 мың теңге, бұл – жалпы республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары (Қазақстан бойынша 222,9 мың теңге). Дегенмен, мұнда жүзеге асырылып жатқан «Болашақта кеңею жобасы» жақында аяқталады. Алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайды. Облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін еске саламын. Жоба аясында вахталық тәсілмен өзге аймақтардың тұрғындары да жұмыс істеп жүр. Үкіметке жұмыстан босатылатын барлық жұмысшыларды біртіндеп еңбекпен қамту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

***

Кәсіпорындарда коронавирус өршіді

Ал, облыс әкімі ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын алуы қажет. Себебі, аймақтағы кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет.

***

Облыста дәрігер тапшы

Аймақтағы емдеу мекемелері дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен толықтай қамтамасыз етілуі керек. Анестезиология және жансақтау бөлімдерін толық жабдықталуы тиіс. Облыс басшылығына жүктелген тағы бір міндет – дәрігерлер тапшылығын жою. Тағы бір мәселе...

***

Президент аурухана, емхана салуды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір мәселе – өңірдегі денсаулық сақтау нысандары ескірген. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, көпбейінді аурухана, психикалық денсаулық орталығын және заманауи қалалық емханалар салу мәселесін шешуі керек. Айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мектеп түлектері дәрігер мамандығы бойынша білім алуы үшін грант санын көбейту қажет.

***

Өңірде энергия мен су тапшы

Хош. Өңірдегі өзекті мәселенің тағы бірі – энергия. Бұл бағытта да әлі пысықталатын жұмыстар бар. Сондықтан Үкімет энергия бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет. Тек жарық емес, Атырауда су да тапшы. Жайық өзені қатты тартылып барады. Экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлауда. Бұл онсыз да судан таршылық көріп отырған жұрт пен шаруаларға батып барады.

***

Жайықтың жайы не болады?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет.

***

Атырау облысы бойынша 30 ауылға ауыз су жетпеген

Судың тапшы болғаны сонша, халықтың бір бөлігі мен мұнай өндіретін компаниялар «Астрахан – Маңғышлақ» су құбырынан ауыз су алып отыр. Ал, аталған су құбыры әбден тозған. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуды тапсырды. Жалпы аймақтағы ауылдарды әлі күнге дейін таза ауыз сумен қамту ісі толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауыз су жетпепті. Президент Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді. Таза су ғана емес, облыста таза ауа да жоқ. Былтырдың өзінде өңірде ауаны ластаған 160 жағдай тіркеліпті.

***

Аймақта ауа ластанып барады

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын.

***

Атырау өңірі 2025 жылға дейін қалай дамытылады?

Атырау тарихы тұнып тұрған өлке. Президент те осы ретте Сарайшық қаласына заманауи туризм инфрақұрылымы қажет екенін айтты. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ әлі келісім алмапты. Президент Үкіметке бұл мәселені дереу шешуді міндеттеді. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалған еді. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Нәтижесінде үш ауысымда оқыту жойылады. Мектептердегі орын тапшылығы толық шешіледі. Бұдан бөлек, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы баспаналы болады. Кешенді жоспар – өнеркәсіпті, туризм саласын дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін өрістетуге, энергетика және экология саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ал, Үкімет осы жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекітуі тиіс.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы, ПТРК