22 сәуірдегі қар. Алматылықтар қалай қабылдады?

Алматы бүгін ақ ұлпаға оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алатаудың баурайында көктемнің ортасы болса да, күн құбылып тұр. Өткен тәулікте басталған жауынның арты қалың қарға ұласты. Тау бөктерлеріне 12 сантиметр жауса, қала ішіндегі қар қалыңдығы 6-8 сантиметрге дейін жетті.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Көктемнің жаймашуақ күндеріне үйреніп қалған алматылықтардың бүгін таңсәріден қыстық киімдерін қайта шығаруына тура келді. Таңертеңгі уақытта ауа температурасы минус бір градусқа дейін төмендеді. Бұған дейін өрік, алма, шие ағаштары гүлдеп, саябақтағы қызғалдақтар қауыз ашқан еді. Енді олардың үсіп кететін түрі бар.

Блиц 1:

- Шие, өріктерімнің бәрі солып кетті. Түнімен от жағып шықтым, таңертең қарасам қар жауып кетіпті. Зиян болды.

Блиц 2:

- Көліктің деңгелегін ауыстырып тастағанда бұлай болғаны қиын болды. Қыстық киімдерді жинап тастағанбыз, жаздық киіммен жүрміз.

Блиц 3:

- Көктем ғой, осылай болу керек қой жалпы, осындай ауа райы болса, Ораза жақсы болады. Қазір өсімдіктерге, ағаштарға дымқыл ауа райы керек.

Дәл осындай ауа райы қалада осыдан 10 жыл бұрын болған екен. «Бұл Алматы үшін қалыпты жағдай», - дейді синоптиктер. Сәуір айында күн райы жауын-шашынды және салқын болып келеді. Түнде басталған қар түске дейін жауды.

Дәулет Кісебаев, «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының аға инженері:

- Бүгін жаңбыр тоқтайды. Ауа райы ертең де бұлтты, күн салқындау болады. Тек аптаның соңына таман күн жылынып, ауа температурасы +15-17 градусқа дейін көтеріледі. Алдағы апта жауын-шашынсыз әрі жылы болады.

Бүгін коммуналдық қызметтің түнімен жұмыс істеуіне тұра келді. Көшелер, жаяу жүргінші жолдары және аялдамалар қардан тазартылды. Өткен апта жылы болғандықтан көптеген жүргізушілер көліктеріне жаздық дөңгелек салып үлгерген еді. Сондықтан көктайғақтың алдын алу үшін 243 тонна арнайы қоспа пайдаланылды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов