Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемдегі алтыншы ел атанды

Жамбыл облысында жасалған KazCOVID-in вакцинасының алғашқы легі бүгін аймақтарға жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан коронавирустық инфекцияға қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемдегі алтыншы ел атанды. COVID-19-ға қарсы отандық екпе QazVac сауда маркасымен шықты. Енді елде екпеге қатысты таңдау жасауға мүмкіндік бар. Маңызды шараға Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, ғалымдарға алғыс білдірді.

Отандық екпенің алғашқы қорабын ғалымдар, Үкімет және БАҚ өкілдерінің алдында ашып таныстырды. Вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының базасында жасалған. Оның қауіпсіздігі толық дәлелденді. Мамандардың айтуынша, жаңа өнім коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

- Бес түрлі вакцинаның арасында алғаш шыққан бұл инактивтелген, яғни өлтірілген вакцина. Бұл өлтірілген вирустан жасалған. Вакцинациядан өткен организмді ауруға шалдықпайды. Оның ішінде ол өспейді. Әсер етпейді. Сондықтан да оны біз клиникалық зерттеулерден өткізген кезде жоғары иммунагенді және толық қауіпсіздік көрсеткіштерді дәлелдеп отырмыз.

Вакцинаны АҚШ, Ресей, Англия, Қытай сияқты мемлекеттерден кейін Қазақстан шығарып отыр. Тарихи сәтке куә болған Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалғанын жеткізді. Ұлттық жобаны қысқа уақытта жүзеге асырған ғалымдарға алғыс білдіріп, еліміздің ғылымға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- 200-ден аса дүниежүзінде мемлекеттердің барын ескеретін болсақ, бұл іс жүзінде біздің елдің абыройы. Халқымыздың қауіпсіздігі. Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы. Ғалымдарымыз қысқа уақыттың ішінде өзіміздің вакцинасын шығарды. Болашақта ешкімге жалтақтамай, өзіміздің халықты өзіміз қамтамасыз ететін жағдайға келе жатырмыз.

Вакцина Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты ірі қалаларға жөнелтілді. Жаңа екпе арнайы хабтарға үш тәулік ішінде жеткізіледі. Бүгін Қордайдан 50 мың доза вакцина 4 жүк көлігімен

Вице-премьер бұдан кейін биофармацевтикалық зауытты аралап шықты. Қазіргі уақытта құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталды. Технологиялық құрал-жабдықтар шетелдің үздік деген 7 мемлекеттен жеткізілген.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Технологиялық процестер жағынан күрделі зауыт. Бұл кірпіш шығаратын зауыт емес. Сондықтан біріншіден, бұған қазіргі заманның талабына сай, халықаралық стандартқа сай. Бұл жерде валидация болу керек. Одан кейін халықаралық «GMP» стандарт болу керек. Ол жұмыстармен қазір айналысып жатырмыз. Май айында барлығы орналастырылады. Июнь айында біз алғашқы осы жерде пробный партиясын шығаратын болады.

Қазір қондырғылардың 95%-і келген. Инженерлік желілерге қосу арқылы жабдықтарды жөндеу, қосу-баптау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша зауыт қабырғасында вакцина құюдың алғашқы кезеңі күз айларында жүзеге асады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан