Қызылордада «Егемен» шағын ауданының тұрғындары 15 жылдан бері жол азабын тартып келеді

Қызылорда қаласындағы «Егемен» шағын ауданының тұрғындары 15 жылдан бері жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жел соқса, жарық өшеді. Ауыз су құбыры да жиі істен шығады. Өркениеттен шет қалған аудан тұрғындары бұл мәселені көтеріп, талай табалдырықты тоздырған. «Алайда жергілікті билік құлақ асар емес», - деп налиды.

«Егемен» деп ат қойған бұл кварталдың іргесі осыдан 15 жыл бұрын қаланыпты. Алайда Ақмаржан 18 көшесін табу бізге де оңайға соқпады. Жауыннан кейін мидай иленген жол. Эльмира Күмісбаева «батпақ кешкен 5 баласының аяқ киімі жиі тозады», дейді. Бұл маңға қоғамдық көлік тұрмақ, таксидің де келгісі жоқ.

Эльмира Күмісбаева, қала тұрғыны:

- Мысалы менің үйімде мүгедек балам бар. Жедел жәрдем келетін болса, келе алмайды, батпаққа батып қалады. Өткенде түнгі үште батып қалып, қайта-қайта күрек апарып, итеріп, балам ауырып жатыр. Екінші жедел жәрдем шақырып, қайтып алып кетті баламды.

Тұрғындар су мен жарыққа да жарымай отырғандарын айтып шағынды. Кезінде қолдан тұрғызған бағаналар жел тұрса, бір жағына қисая кетеді екен.

Бекмырза Айтмырза, қала тұрғыны:

- Кішкентай жел болса үзіледі. Өзіміз қолдан жалғап қойғанбыз ғой. Бөренелар салып өзіміз. Жел болса тоқ азаяды, көбейеді. Тоңазытқыш, теледидарларын жандырып алған үйлер бар.

Түйіткілдің түйінін тарқатуға түрткі болу мақсатымен тиісті мекемелердің есігін қақтық. Жауабын тыңдадық.

Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің жоспарымызда бұл көше жоқ. Бірақ біз оны жоспарға қосамыз. Тек Ақмаржан ғана емес, одан да басқа осындай проблемалары бар көшелер аз емес. Біз оны зерттейміз. Егер көп қаражат қажет етпейтін болса, ағымдағы жөндеуден өткізуге болады.

Марат Жәмиев, «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы:

- Бұл көшенің тұрғандары өз күштерімен су құбырын 50-70 метр тереңдікке дейін қайтадан көмулері керек, құрылыс талаптарына сәйкес. Басқа амал жоқ.

«Ал жыр болған жол мәселесі биыл шешімін табады», - деді қалалық құрылыс бөлімінің өкілі. Қаржысы бөлінген. Көп ұзамай Ақжарма 18 көшесінің тұрғындары айнадай асфальтпен алшаңдамаса да, малтатасты місе тұтуға тура келеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев