Семейдегі «Абай жолы» аллеясы неге қараңғы?

«Абай жолы» неге қараңғы?

Семейліктер ойшыл ақынның есімін иеленген аллеяның түнде тас қараңғы екенін айтып наразылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тас төсеуіштер мен ойын алаңдарындағы жабдықтар да істен шыға бастапты. Нысан былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойы құрметіне ашылған еді. Жобаны Алматы облысының әкімдігі қаржыландырып, Семей қаласына сый ретінде тарту етті. Оған 714 миллион теңге жұмсалыпты.

Ұзындығы 2 шақырымнан асатын қаланың сол жағалауындағы бұл нысан бұрын қараусыз, күтімсіз жатқан еді. Былтыр Абай тойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, әп-әдемі демалыс орны пайда болған. Алматы облысының әкімдігі Семей қаласына тарту еткен жобада веложолақ, балалар ойын алаңы бар. Ақынның нақыл сөздері де көрнекі етіп қойылған. Алайда бір жыл болмай жатып, кейбір олқылықтар қалалықтардың наразылығын туғызып отыр.

Ардақ Сәдуақасова, қала тұрғыны:

- Фонарьлар жағылмайды екен, брусчаткалар сынып тұр екен. Аллеяны құрған кезде сапасын тексеріп алу керек шығар, соны дұрыс қадағалап отыратын өкілдер қайда?

Сағынай Төлегенов, қала тұрғыны:

- Жақсы былай халық демалғанға, бірақ әлі бітпей жатыр міне, жолы жасалған жоқ. Еккен талдар қанша уақыт болды, міне, көктем шыққалы, бір суғарған жоқ. Ол суғарылмаса бәрі қурап қалады ғой, босқа кетіп, зиян болады ғой. Түнде келсек, жарығы жоқ, басында біраз жанған, одан кейін жанбай қалды.

Күлия Ержанқызы, қала тұрғыны:

- Мына жерлер жанатын, ақ домалақтар. Қазір жанбайды, сырт жағы ғана жанады жолдың бойы. Жанып тұрса жақсы ғой жаздыгүні осы жерде ойнайды ғой балалар.

Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер бұл мәселелермен жақсы таныс болып шықты. Қазір жұмысты атқарған мердігер компанияға қатынас хат та жіберіліпті.

Жанат Шаймұратова, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Былтыр мерейтой қарсаңында пайдалануға берілген аллеяны біз өз теңгерімізге қабылдап алдық. Ол кезде барлығы да мінсіз болатын. Ал жарықтандыру және басқа да кем-кетіктер бойынша жақын уақытта тексеру жұмыстары жүріп, көп ұзамай қалпына келтіреміз.

Тұрғындарды мазалап отырған тағы бір мәселе – аллеяның қос бетіндегі Әуезов даңғылының шаңы аспанға шығып, шұрық-шұрық тесіліп жатқандығы. Әкімдіктегі жауапты мамандар бұл көшеде биыл қайта жаңғыртылып, асфальт төселетінін жеткізді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...