Ақтөбе облысындағы шошқа фермасына қатысты іс бақылауда

Ақтөбе облысында ісінен өрескел кемшілік анықталған шошқа фермасына бірер айда олқылықты жоюға талап қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған мерзім ішінде, қалдық қоймасы мен лас суды тазарту жүйесі тиісті стандартқа сәйкес қалыпқа келуі қажет. Кәсіпорында жүргізілген түсіндіру шараларынан кейін бір топ жұмысшы жариялаған аштығын тоқтатты. Қазір жергілікті билік қызметтен кеткен еңбеккерлерді тұрақты жұмыспен қамтып жатыр.

Бестамақ ауылына жақын орналасқан шошқа фермасына қатысты даудың шыққанына алты айдан асты. Жергілікті тұрғындар шаруашылыққа жақын жерде көмілген талпақ танаулардың ішек-қарнын көргенде оннан аса құзырлы мекемеге шағым түсіріп, серіктестіктің жабылуын талап етті. Олар қазір де тілектерінің орынды екенін айтып отыр.

Салтанат Нұрғалиева, Бестамақ ауылының тұрғыны:

- Шошқа баз жақтан жел соқса, демалуға болмайды. Жаздыгүні жел тұрады, тымырсық болады. Сол кезде иіс мүмкін емес. Кішкентай балаларымыздың үстілерін ылғи қотыр аурулары, үлкен адамдардың аурулары көбейіп кетті.

Тұрғындардың арызын қабылдаған тексеруші органдар экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. Нәтижесінде сот шешіміне сәйкес, көң қоймасы мен лас суларды тазарту жүйесі ретке келтірілмейінше шошқа фермасының ісі тоқтатылды. Бірақ кемшілікке орай салынған ірі көлемдегі айыппұл әлі төленбеген.

Ғасыр Орынбасаров, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Кәсіпкер ол соманы қайтарып жатқан жоқ. Сол себептен біз сотқа беріп отырмыз. Шошқаның ішек-қарындары жерге көмілгені расталды. Сосын ластанған су. Соның бәрі тексеріліп, сонымен экономикалық шығын 7 млрд-қа берілді.

Кәсіпорында жұмысшылар құқының сақталуы да тиісті талапқа сай емес екендігі анықталуда. Соған қарамастан еңбеккерлермен кездесуге келген инспекция қызметкерлеріне кедергі келтіру, қажетті құжаттарды бермеу әрекеттері орын алған. Бұл бойынша да сотқа іс жолданды.

Әбдіхат Мырзалин, Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

- Осы кәсіпорында 152 адам тіркелген. Сонымен қатар олар кәсіпорында 400-ден аса қызметкерлер істейді деп мәлімдейді. Бірақ олар тіркеусіз, жалақысын қолма-қол төлеумен жұмыс істеп келген осы кезге дейін. Бұның барлығы еңбек туралы заңға қарама-қайшы.

Қазір жергілікті билік өз еркімен серіктестіктен кеткен 10-нан аса жұмысшыны тұрықты еңбекпен қамтуда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев