Қордай ауданындағы ауылдардың тірлігі түзеле бастады

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе мен Бұлар батыр ауылдарында көктемгі дала жұмыстары 90%-ке аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар әр күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Былтырғы жағдайдан кейін ауыл тірлігі түзеле бастады. Бүлінген үйлер жарты жылда мемлекет есебінен қайта қалпына келтірілді.

Масаншы ауылының тұрғыны Юсув Паровтың айтуынша, былтырғы оқиға кезінде үйі өртенеді. Баспана жайы шешілгенше ол бала-шағасымен туыстарының үйінде тұрған. Кейін үйін жөндеуге жергілікті әкімдіктен 4 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Ауылдағы зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 575 млн теңге қаражат бөлінген еді.

Юсув Паров, Масаншы ауылының тұрғыны:

- Достық пен ынтымақта болса, ешқандай дау мен жанжал болмайды. Қазір тұрмысымыз қалпына түсті. Үйімізді жөндеп алдық. Үкімет көп көмектесті, рахмет.

Масаншыда 3 мектеп бар. №13 мектеп таза қазақ тілді. Мұндағы мыңға жуық оқушының тек 34-і қазақ баласы. Дүнген отбасылары балаларына қазақ тілін үйретуге мықтап ден қойған сыңайлы. Өткен жылы 129 бала 1-сынып табалдырығын аттаған. Жоғарғы сынып оқушылары арасында да мемлекеттік тілді жетік меңгергендері бар.

Зейнеп Хива, оқушы:

- Шеше сен бақыттысың. Жыламағын. Жай түсіп жатқанда да құламадың. Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаны, сондықтан жыламағын, жыламағын.

Ауылдағы жастарды жақсы амалдар жасауға үгіттеп, татулық пен ынтымақты сақтауға үйретуге ақсақалдар мен молдалар айтарлықтай атсалысып жатыр. Былтыр Масаншыда «Имамдар үйі» салынды. Жас ұрпақты имандылыққа тәрбилеу жолында діни мекеменің маңызы зор. Сонымен бірге инфрақұрылым да жетілдіріліп келеді. 9 елді мекеннің ішкі көшеліріне асфальт төселіп, төрт ауылға ауыз су құбыры тартылды. Көгілдір отынға қосылды.

Рүстем Дәулет, Қордай ауданының әкімі:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен «Бейбітшілік» жобасы қабылданған болатын. Сол жоба бойынша 316-дан аса іс-шара өткізілді. Ол ісшара ішінде осы елдің бірлігін нығайту, және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту сияқты мәселелер талқыланды. Қазіргі уақытта «Аллаға шүкір» деп айтуға болады, елдің бірлігі жақсы. Ешқандай бір мәселелер орын алған жоқ.

Негізінен бау-бақшамен айналысып, егін өсіретін Масаншы ауылдық аймағында биыл егістік көлемі де ұлғайған. Үш ауылда 60 шаруа қожалығы бар. Жалпы биыл Қордай ауданында 134 мың гектар егіс алқабы игерілмек.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев