424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арыста мұғалімдер мектеп-интернаттың жабылуына қарсы шықты

  • 214
  • UPD: 08:38, 23.04.2021

Арыстағы шалғай ауыл мен малшылардың балалары оқитын жалғыз мектеп-интернат жабылып, орнына ер балаларға арналған лицей ашылады.

Бұған ұстаздар қауымы түбегейлі қарсы. Сала басшылары Арыстағы дарынды балаларды өзге қалаларға жібермей, бір жерге топтастыру үшін лицей ашамыз дейді.

Мектеп-интернатының ұжымы бүгін дәрістерін тоқтатып, білім бөлімінің басшылығына жан айқайларын жеткізді. Бәрінің талабы біреу – алпыс жылдық тарихы бар мектеп жабылмасын дейді. Егер білім ошағы жабылса, 500-ден астам оқушы жан-жаққа тарап, 150-ге тарта мұғалім мен қызметкер жұмыссыз қалмақ. 

Әсия Жүсіпова, мұғалім:

– Менің зейнеткерлік жасына шығуыма үш ақ жыл қалды, ал мені дәл қазір басқа жаққа ауыстырса, бір сағатымды кім тауып береді? Өзі кішкентай Арыстың ішінде кімде қалай сағаты бар екені белгілі. Ол мектебіміздің жабылып, бізге сағат тауып береді дегеніне бәріміз қарсымыз. Бүкіл ұжым қарсымыз.

Гүлмира Тәлтиева, мұғалім:

– Жалғызбасты аналарымыз бар. Бір үйде жалғыз жұмыс істейтін ер азаматтарымыз бар. Олардың ертеңгі бала-шағасын асырауына кім өзінің жалақысынан бөліп береді.  

Интернат мектебі жоқ шалғай ауылдар мен малшылардың балаларына арналған. Білім бөліміндегілердің айтуынша, мектеп-интернатта оқитын 500-ден аса баланың тек 122-сі ғана сырттан келеді. Оларға Арыстағы бір мектепті интернат етіп өзгертіп, қалған оқушыларды қала мектептеріне ауыстырмақ. Қызметкерлерге де жұмыс табылады деп сендірді.  

Әшімхан Момбеков, Арыс қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Қалған мұғалімдердің барлығы осы Қожанов мектебіне, Момышұлы атындағы және қаладағы барлық мектептеріне, қалаған жерлеріне айлық сақтала отырып, жұмысқа қабылданатын болады. Оған кепілдеме береміз.

Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Арыста дарынды балаларға арналған мектеп болмағандықтан, жыл сайын 200-ге тарта білімді бала өзге қалаларға ауысып кететін айтады. Сондықтан интернатты жауып, орнына қазақ-түрік лицейі негізінде ер балаларға арналған лицей ашылмақ. Ал мұғалімдердің жұмыссыз қаламыз деп шу шығаруына негіз жоқ дейді.

Рахымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Арыс қаласында орын тапшылығы жоқ, демографиялық өсім де байқалып жатқан жоқ. Үш ауысымға өтейін деп тұрған мектептер де жоқ. Бір ауысымда оқып жатқан мектептер көп. Сондықтан Арыс қаласының ішінен де интернат мәселесін шешуге болады және сырттағы мектептердің базасынан да интернат ашу мәселесін шешуге болады.

Сондай-ақ сала басшысы Бәйдібек, Мақтаарал, Сайрам аудандарында да дарын мектебін ашу жоспарланып отырғанын айтады. Себебі, Мемлекет басшысының кезекті жолдауында ауылдық жерлердегі дарынды балаларға қолдау көрсету туралы нақты тапсырма берілген. Осыған орай облыс әкімінің арнайы қаулысы шығып, келесі оқу жылынан бастап Арыстағы ер балаларға арналған лицей жұмысын бастайды деп отыр. Сондықтан арыстық ұстаздарға осы қаулыға көнуден басқа амал қалмады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы