«Еңбек» бағдарламасы аясында мүгедектігі бар 5,4 мың адам жұмысқа орналасты

1 сәуірдегі жағдай бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мүгедектігі бар 5,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Оның ішінде 1,1 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орнымен қамтылса, ал 4,3 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне және қоғамдық жұмысқа тартылды.

Бұдан басқа, 2021 жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің оларды жарақтандыру шығындарын субсидиялау арқылы 113 арнайы жұмыс орны құрылады. Бұл жұмыс орындары халықаралық тәжірибе негізінде құрылады және көру, есту, тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдардың жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз етуді көздейді. 2018 жылдан бастап 350-ге жуық тиісті жұмыс орны ашылды. Биыл аталған бағытқа 251,8 млн теңге бөлінді.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 25,5 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдаудың түрлі шаралары көрсетілді. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық адам шағын несие мен грант алып, 15,4 мыңы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы 2,2 мың азамат жұмысқа тұрды. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарын квоталау қағидасы шеңберінде былтыр жұмыс берушілер 6,4 мың адамды жұмысқа қабылдады.

Ақпарат көзі: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі