Ақтаулық кардиохирург-дәрігерлер 72 жастағы науқастың қан тамырына имплант орнатты

Осылайша, өлке тарихында алғаш рет айрықша операция сәтті аяқталды.

Медицина тілімен айтсақ, мұндай тәсіл кеуде және құрсақ ортасының аневризмаларын эндоваскулярлық емдеу деп аталады. Яғни тарылған тамырға стентграфт протезін орнату арқылы қан қысымы қалпына келтіріледі. Операция 1 жарым сағатқа созылды. Күрделі операцияны ақ халаттылар Семейден арнайы шақыртылған әріптестерімен бірлесе жасады. Науқастың қазіргі жағдайы бірқалыпты. Жуық арада үйіне шығарылады.

Ернұр Ордабаев, өңірлік кардиохирургия орталығының басшысы:

– Денеге болмашы тілік жасау арқылы жасалатын бұл операцияны айрықша деп айтуға негіз бар. Яғни науқастың бүлінген қан тамырына протез қойылады. Бұдан соң қан қысымы төмендеп, науқас тез арада сауығып тұрады. Қолданылған жоғары технологиялар ағзаға алмағайып қан кетуін болдырмайды.