427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда әлеуметтік желілерде міндетті вакцинация туралы жалған видео таратылуда

  • 224
  • UPD: 15:40, 23.04.2021
Қазақстанда әлеуметтік желілерде міндетті вакцинация туралы жалған видео таратылуда

Қазнет қолданушылары Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов бұдан былай COVID-19-ға, сондай-ақ басқа да ауруларға қарсы вакцинациялау міндетті болатыны туралы мәлім еткен видеоны таратуда.

Бұл видео – фейк. Видео авторлары спикердің дауысын өзгерткен, деп хабарлады stopfake.kz.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі видеода айтылған ақпаратты жоққа шығарды.

Видеоның түпнұсқасы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен өткен брифингтердің бірінен алынған. Бірақ роликтегі дауыс оныкі емес. Бұған оның қатысымен түсірілген жаңалықтар сюжеттерімен салыстыру арқылы көзжеткізуге болады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл видеоның фейк екенін растады. «Дауыстың үстінен жазылғаны көрініп тұр, бұл Бақытжан Позиловтың сөзі емес. Бұл – кезекті фейк», – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ министрлік Қазақстанда КВИ-ге және басқа да ауруларға қарсы вакцинациялау міндетті емес екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасында кез келген вакцинация егілушінің келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинация міндетті емес. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы кез келген медициналық манипуляциядан, оның ішінде вакцинациядан бас тартуға құқылы», – делінген министрліктің жауабында.

Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Хабар 24 телеарнасы