Банк қызметкері болып сөйлескен алаяқтар СҚО тұрғынының 2 млн теңгесін иемденді

Кибералаяқтар СҚО жұмысшысын алдап, екі миллион теңгесін иемденген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Айыртау ауданында тұратын қарапайым жұмысшы интернет-алаяқтарға екі миллионнан теңгеден астам қаражатын аударған. Ол кең тараған әдіс бойынша алданған.

Жағымды дауысты әйел адам хабарласып, онымен банктің қауіпсіздік қызметкерінің сөйлесетінін алға тартқан, кейін ер адам тұтқаны алып, алаяқтардың жәбірленушінің шотын бұғаттап тастағанын, енді жаңа шот ашу қажеттігін айтқан. Алаяқ сенімді сөйлеп, психологиялық қысым көрсете отырып, «егер сіз бұлай істемесеңіз, өз ақшаңызды ешқашан көрмейсіз, шотыңыздан осылай жоғалып тұрады» деп иландырған.

Қулығына көніп қалған тұрғын екі миллион теңгеге несие алып, қаскөйлер көрсеткен карточкаға аударып, құпия сөздерін, sms-хабарламасымен келген кодты берген. Жұмысшы байланыс үзілгеннен кейін ғана алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Ер адам айланың мұндай амалдарын естігенін, бірақ ескертулерге құлақ аспағанын айтты», – дейді Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешов.