Елорда саябақтарында климатты жатсынатын өсімдіктерді жерсіндіру жүріп жатыр

Елорда саябақтарында жергілікті ауа райына бірден бейімделе қоймайтын жаңа өсімдіктер мен талдар жерсіндіру сынағынан өтіп жатыр. Алайда қысы мен көктемі суық Сарыарқа климатына барлығы бірдей төзе бермейді. Құбылмалы температураға шыдас берген түрлері ғана іріктеледі. Мәселен, былтыр күзде Ботаникалық саябақ аумағына шетелден әкелінген қайың көшеттері отырғызылды. Алғашқы нәтижесі жаман емес.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Жалпы көшеттің төзімділігін ұшынан байқауға болады. Егер жұмсақ болса қыстан аман шықты дегенді білдіреді. Өткен жылдың тамызында егілген бұл далекарлия қайыңы. Бүршіктері де ісініп тұр. Қазір интродукциядан өтіп жатыр.

Ботаникалық саябаққа барлығы 62 түп ағаш отырғызылды. Далекарлия – қайыңның скандинавиялық түрі. Мәселен, Швецияда түгел алқабы бар.

Нұржан Жұмағұлов, ботаникалық саябақтың ғылыми қызметкері:

- Далекарлия қайыңына келетін болсақ, бұл 1767 жылы Карл Линнейдің баласымен ашылған. Ә. Бөкейханов атындағы Орман шаруашылығы институтымен бірге жасалып жатқан ортақ проектіміз. 

Тунберг бөріқарақаты көбіне Қиыр Шығыста өседі. Қазіргі уақытта Еуропада және Солтүстік Америкада жерсіндірілген. 

Әсел Өмірзақ, ботаникалық саябақтың ғылыми қызметкері:

- Жалпы бұл бөріқарақат Нұр-сұлтан қаласында өте жақсы қыстап шықты деп айтуға болады. Қазіргі таңда көгалдандыруда өте сәнді, декоративный түрлерінің біріне жатады. Жалпы тұқымды осы 2020 жылы жинаған болатынбыз.

Ал Алтай ботаникалық бағынан әкелінген бұл қара орман жаңғақтарының Отаны - Солтүстік Америка. Тұқымын келесі жылы елордадағы ботаникалық саябақтың 4-ареалына отырғызу жоспарланып отыр. 

Нұрболат Қуанышбаев, дендрология зертханасының меңгерушісі:

- Ботаникалық саябақ 2018 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша ашылған болатын. Қазір мұнда ағашты-бұталы өсімдіктердің 136 түрі өседі. Оның 103-і жапырақты болса, 33-і қылқанды. Биыл мамыр айында жапырақ жайған интродуценттерге инвентаризация жүргізіледі. Суыққа төзімділігін анықтап, ай сайынғы фенологиясын зерттейміз. 

Дәндер көбіне көрші Ресейден және еліміздің Шығысы мен Оңтүстік-Шығысынан әкелінеді. Олардың қатарында Гиннал үйеңкісі, қара үйеңкі, емен, биколор емені, түкті шие, дала шиесі, қатпарлы роза, мойыл және сарғалдақ бар. Елорда бақтарын көгалдандыруға Ұлттық биотехнология орталығы да атсалысып жатыр. 

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының Бас директоры:

– Жылыжайымыздағы екпе ағаштарды Ботаникалық саябаққа береміз. Біз өсіретін өсімдіктердің көбі сиректігімен және эстетикалық әдемілігімен құнды. Мәселен, Недзвецкий алма ағаштары сакура тәрізді гүлдейді. Гүлдерінің түсі алқызыл. Мамық шашпайтын терек түрлері бар. Бірақ біздің негізгі мақсат - әлсіз өсімдік тұқымдарын көбейту және оларды суыққа төзімді ету. 

Ол үшін алдымен тұқымды вирус пен бактериялардан тазартып алу керек. Биотехнологиялық тәсілмен өскен түптер тәлімбақтағы стандартты көшеттерден әлдеқайда сапалы болады. Орталық мамандарының айтуынша, БҒМ Ғылым комитеті биобанк құру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеген. Оның аясында орталық қызметкерлері әр түрлі қорықтарға барып, табиғатта сирек кездесетін биомасса мен гермоплазмаларды жинайды.

Алмагүл Кәкімжанова, Ұлттық биотехнология орталығының зертхана меңгерушісі:

- Мынадай инвитро жағдайда пайда болған өсімдіктерді ары қарай біз жерге саламыз. Ең қиын процесс ол жерге салғанда. Көп өсімдік мына жерде өліп қалады. Сол үшін оның жақсы өсуіне әр өсімдік түріне өзінің технологиясын жасадық. Біздің мақсатымыз болды мынаған салған өсімдік 85 пайыз өссін деп. Сондай нәтижеге қазір жетіп отырмыз. 

Жалпы табиғи стратификация үшін дәндер көктемде емес, көбіне күзде яғни алғаш жауған қар астына егіледі. Және интродукцияның сәтті өткені тек 5 жылдан кейін өсімдік тұқым мен жеміс берген кезде белгілі болады.

Мирлан Алтынбек, Айдос Қыздарбек, Диас Қовланбаев, Ақылбек Есімсеитов