427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы орталығының Садовников көшесіндегі жолдың шұрық-тесігі шыққан

  • 137
  • UPD: 21:56, 23.04.2021

Алып шаһар Алматыда да шұрық-тесік көше бар. Әсіресе қала ортасындағы Садовников көшесі әбден тозған. Жандосов пен Сәтпаев даңғылын жалғайтын жолмен көлік жиі қатынайды. Жүреді деген аты ғана. Әрең өтеді. Өйткені көше көп жылдан бері жөндеу көрмеген.

- Асфальті жоқ, ұңқыр-шұңқыры көп деп дәл осы көшені айтуға болады. Көшенің ортасымен кәріз жүйесі өтіп жатыр. Екі аттасаңыз болды темір люктері қираған. Ал кейбірінің беті тіпті ашық-шашық жатыр. Жарығы жоқ көшемен түнде жүре қалсаңыз байқамай мынандай терең шұңқырға түсіп кетуіңіз әбден мүмкін.

Ал көліктің шұңқырға түсіп кету жағдайы жиі болады. Садовников көшесіне сау көлікпен келген жүргізушілер бір-ақ сәтте темір тұлпарының бір жерін зақымдап алуы мүмкін. Дөңгелегі жарылып, көлігі бұзылған жүргізушілер көше бойында орналасқан техникалық жөндеу орталығына жиі келеді. 

Бақытжан Бижігітов, қала тұрғыны: 

- Мына люктің ашылып жатқанына жарты жыл болып қалды. Күніне 2-3 машина түсіп жатады. Сөйтіп, мына жерге темір әкеліп төсеп қойдық. Ана жерге машина дөңгелегімен түседі. Келеміз, көтеріміз, шығарамыз. Сосын мына жерге тас сеуіп қойдық что бы СТО-ға кіріп шыққаны ыңғайлы болсын деп. Машиналарға обал, адамдарға да обал.

Алмас Әмірханов, қала тұрғыны: 

- Жиі жүресіз ба осы жолмен?

– Екі күнде бір ғой. Жол нашар, яма. Бүкіл жері тесік көріп тұрсыздар өздеріңіз. Жүру мүмкін емес мынадай жолмен негізі ше. Енді не істейміз, енді жүреміз.

Сәтпаев пен Жандосов көшелерінің арасында жатқан шағын көшенің ұзындығы 2 шақырымға жуық.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы 5 жылда ешқандай жөндеу жұмысы жасалмаған. Тек былтыр Лазарев, Юбилейная, Солнечная  көшелерімен бірге  кәріз жүйесі мен су құбыры тартылған. Содан бері қараусыз жатыр. Ал Әуезов ауданы әкімдігінің өкілдері болса бұл көшені көрмеген де сыңайлы. Асфальт төсеу үшін тұрғындар магистральді желілерге түгел қосылу қажет екен. Айтуларынша, абоненттер ортақ құбырдан су ішуге асықпайтын көрінеді. 

Азат Какетаев, Әуезов аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл жақта қазір 754 үй бар. Барлығына хабарландыру жұмыстары таратылып күтіп отырмыз қазір. Қалай бір көше дайын болады көшеден бастай береміз. Осы уақытқа дейін бұл жерде 9 көшеде кәріз жүйелері жүргізілген. Шамамен 20-30 процент ғана қосылды қазір. 

Садовников көшесіндегі орталық су жүйесіне қосылу жұмыстары толық аяқталмайынша шұқырлар да осы қалпында қала беретін түрі бар. Биыл Әуезов ауданында 33 көшенің жолын жөндеу жоспарланып отыр. Ең бірінші болып осы көшеге құрылысшылардың күрегі тисе дейді жол азабын әбден көріп жүрген жүргізушілер.

Авторлар: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы